Ұлытау ауданы бойынша «Дипломмен ауылға» жобасы аясында әлеуметтік сала мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну барысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің 2009 жылдан бастап жүргізілген және 2023 жылғы 6 айдағы орындалған жұмыстары туралы есебі
«Дипломмен ауылға» жобасы Мемлекет басшысы 2008 жылы өткен агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің республикалық мәжілісінде берген тапсырмаға сәйкес, заңнамалық актілер әзірленгеннен кейін «Жас Отан» жастар қанатының, «Ауыл жастарының одағы» жастар ұйымдарының қолдауымен, 2009 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырыла бастаған.
Жобаның және қабылданған заңнамалық актілердің негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік сала ұйымдарындағы қалыптасқан кадр тапшылығын жою, ауылдарға жоғары оқу орындарын аяқтаған білімді жас мамандардың, сондай-ақ жастарын шектеусіз басқа да тәжірибелі мамандардың келуін ынталандыруға бағытталған.
2023 жылға «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 7 саладағы әлеуметтік сала мамандары (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне (басшылық лауазымдарды қоспағанда):
- 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақысы (345 000 теңге) және
- 1500 АЕК мөлшерінде АЕМ-де тұрғын үй сатып алуға 0,01 %-бен 15 жылға бюджеттік кредит (5 175 000 теңге) түріндегі әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануда.
Оның сыртында, заңнамаға сәйкес, АЕМ-де әлеуметтік сала ұйымдарында қызмет істейтін мамандардың еңбекақылары қалалық жердегі мамандармен салыстырғанда 25% артық тағайындалатынын атап өткен жөн.
«Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру шеңберінде 2009-2022 жылдары Ұлытау ауданы бойынша Республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен 500-ден аса маман 100 АЕК көтерме жәрдемақысын және 235 маман 1500 АЕК тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер алған, оның ішінде 22 маман кредиттерін мерзімінен бұрын толық өтеген.
«Дипломмен ауылға» жобасы әрекет ете бастаған 2009 жылдан бастап, мамандардың тұрғын үй сатып алуын іске асыру тетігін сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы (бұдан әрі - АШҚҚҚ) қызмет көрсетсе, 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика минстрінің 25.10.2021 жылғы №293 бұйрығымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы атқарып келген.
2023 жылы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттерді беру бүгінгі күнге республика бойынша басталған жоқ. Себебі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №93 бұйрығына сәйкес, «Дипломмен-ауылға!» жобасы бойынша сенімді өкіл (агент) болып 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап «Отбасы Банкі» АҚ (бұдан әрі - Банк) анықталған. Тиісінше, аталған әлеуметтік сала мамандарының тұрғын үй сатып алуға алған бюджеттік кредиттерінің бұрынғы сенімді өкіл (агент) – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы мерзімі өткен берешектерін өндіру міндеттері «Отбасы банкі» АҚ-на ауысты.
Бүгінгі күнге «Отбасы банкі» АҚ-ы мамандары тарапынан азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу үрдісін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылуда. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады.
2023 жылға 60 маманға көтерме жәрдемақысына 20 700,0 мың теңге (ЖБ) және 25 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие беруге 129 375,0 мың теңге (РБ) қаражаттар қарастырылған. Бюджеттік кредиттерді 2022 жылғы шілде-тамыз айларынан бастап беру жоспарлануда.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 2023 жылдың 6 айында көтерме жәрдемақы бойынша 12 маманға, тұрғын үй сатып алу бойынша 7 маманды кезекке қою бойынша қызмет көрсетілді.
Елімізде, оның ішінде Ұлытау ауданында да соңғы уақытта екінші нарықтағы тұрғын үйлердің құнының өсуіне байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірнеше депутаттарының сауалдарын ескере отырып, бюджеттік кредит мөлшерін бірыңғай 1500 АЕК-тен (5 175 000,0 теңгеден) аудан орталықтары үшін 2500 АЕК-ке дейін (9 057 500 теңгеге), басқа ауылдық елді мекендер үшін 2000 АЕК-ке (7 246 000 теңгеге) дейін ұлғайтылуы қарастырылуда. Себебі, республикамыздағы көптеген ауылдық елді мекендерде тұрғын үйлердің құны 8-10 млн. теңгеге дейін өскен. Жоғары тұрған уәкілетті органның ақпараттары бойынша, осы мәселе 2024 жылдан бастап шешуге жоспарланған.
Ауданда мамандарды жұмыс орынында және ауылдық елді мекендерде тұрақтандыру мәселесі аудан әкімі, сенім білдірілген өкіл (агент), маман арасында жасалатын 3-жақты келісім бойынша, бұрынырақ мамандар 5 жыл ауылда қызмет етуге міндеттелсе, бүгінгі күні 3 жыл тұрақтануы жүктелген. Осыған орай, ауылға келген әр білімді маманның ауыл үшін маңыздылығын ескере отырып, олардың белгіленген мерзімге тұрақтануы, ауыл халқына сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетуіне қажетті барлық шараларды қолдану жұмыс берушілерге – аудандық мекеме, ұйымдардың басшыларына жүктелген.
2023 жылы «Дипломмен ауылға» жобасының шеңберінде ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келетін әлеуметтік сала мамандарына жоғарыда аталған әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың басталу мерзімі және өтініштердерді қабылдаудың басталуы туралы ақпаратты «Отбасы банкі» АҚ байланыс орталығына қысқа саны 300 нөміріне хабарласу арқылы немесе әлеуметтік желілерден (мәселен Инстаграмм желісінде otbasybank_karaganda) және бұқаралық ақпарат көздерінен алуға болатыны хабарланады.
«Ұлытау ауданының экономика және қаржы бөлімі» ММ
9
15 маусым 2023 16:59
15 маусым 2023