Наурыз мейрамын тойлау Маңғыстаудағы Амал мерекесінен басталады


Маңғыстау облысында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Дәстүр бойынша көктем мен жаңарудың жаршысы саналатын Амал мерекесінен Наурызнама онкүндігі басталып, ел бойынша Наурыз мейрамының шымылдығы ашылады.
Негізгі іс-шара өңірдің киелі орындарының бірі — Маңғыстау облысының ең биік нүктесі саналатын «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтті.
Мерекелік іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтар мен шетелдік меймандар да қатысты. Польша, Түркия және Өзбекстаннан келген туристер қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетімен танысты. Ал сахнада Қырғызстан, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Наурызнама онкүндігі тұжырымдамасына сәйкес, елімізде Наурыз мейрамын тойлау жыл сайын 14 наурызда — Амал мерекесінен басталады.
Бұл іс-шара Туризм және спорт министрлігі дайындаған 2026 жылға арналған зәкірлі мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесіне де енгізілген.
Отпан таудың шыңында 32 киіз үй тігіліп, мерекеге шамамен 5 мыңға жуық адам қатысты. Бағдарлама аясында «Ана жүрегі – мейірім мекені» аналар фестивалі, театрландырылған қойылым, халық қолөнерінің көрмесі, сондай-ақ Қазақ хандығы дәуіріне арналған VR-ойын мен 3D бұйымдар ұсынылған «Цифрлы киіз үй» (Digital Nauryz) жобасы таныстырылды.
Дәстүр бойынша Отпан таудың басында ұрпақтар сабақтастығы мен ел бірлігінің нышаны саналатын «Бірлік оты» жағылды.
14 наурыз 2026
Іс - шара