Қазақстанның Өзбекстандағы мәдениет күндері


2023 жылғы 20-23 маусым аралығында Өзбекстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Осы мәдени шара аясында 20 маусымда Ташкент қаласында Әлішер Науаи атындағы Кино үйінде қазақстандық кино күндерінің ресми ашылуы өтеді. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов қатысады.
Қазақстандық кино күндері 2022 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ өндірістік-техникалық базасында мемлекеттік тапсырма шеңберінде реставрацияланған толықметражды «Сұлтан Бейбарыс» (қоюшы-режиссер Болат Мансұров) көркем фильмінің көрсетілімімен ашылады. Атап өтейік, 2023 жылы Қазақстанда Сұлтан Бейбарыстың 800- жылдығы тойланады.
Фильм Сұлтан Бейбарыстың өмір жолын баяндайды. XIII ғасырда, крестшілерді жаулап алу және татар-моңғолдардың шапқыншылығы кезіндегі оқиғалар бойынша өрбиді.
Кино күндерінің бағдарламасында сондай-ақ, келесі қазақстандық фильмдер көрсетіледі: «Мұқағали» (реж.Болат Қалымбетов) қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың тағдыры туралы өмірбаяндық драма.
«Дос-Мұқасан» (реж.Айдын Сахаман) аңызға айналған ансамбльдің тарихы мен жолы туралы. Сол уақыттардағы концерттерге тыйым салу, институттағы оқу мәселелері, танымалдылық және ғылым мен өнер арасындағы ең қиын таңдау турасында «Дос-Мұқасан» тообының негізін қалаушылардың әр қадамын жеткізген туынды.
«Паралимпиадашы» (реж.Алдияр Байрақымов). Бұл фильм ержүрек паралимпиадашыларға арналған. Ол «паралимпиадашылардың өмірінен», сондай - ақ 2018 жылы Пхенчханда 1,5 км спринтте жеңіске жеткен Қазақстан тарихындағы алғашқы қысқы Паралимпиада чемпионы Александр Колядиннің шынайы оқиғалары негізінде құрылған.
«Алға» (реж.Ернар Нұрғалиев) - әкелері қайтыс болғаннан кейін қарақшылықпен айналыса бастаған екі ағайынды туралы фильм. Оларды талантты жастарды іріктеу үшін қаладан ауылға келген жеңіл атлетикадан жаттықтырушы байқап жол сілтейді.
«1941 жылдың жазы» (реж.Бекболат Шекеров). Қазақ халқының даңқты ұлы, фашизмді жеңген, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Ади Шариповтың жауынгерлік жолына арналған.
«Патриоттар кезеңі» (реж.Серікбол Өтепбергенов) Қазақстанның Қарулы Күштерінде адал қызмет атқарып жүрген ағайынды Сұлтан мен Бекзат Ибраевтердің өмірі туралы, сонымен бірге олардың отбасылық келіспеушіліктер тұнған өмір жолы. Сұлтан-ержүрек барлау офицері, ал Бекзат-талантты ұшқыш.
Сондай-ақ анимациялық фильмдер: «Кенже қыз» (реж.Иван Ардашов). Кішкентай қыз өзінің үлкен ағаларын елемеуге тырысып, қателесіп ежелгі жынды босатады, енді ол толық күшке ие болып, мызғымас армияны оятқанға дейін оны тоқтата алады. «Бесік жыры» (реж.Дильшат Рахматуллин). Тау етегіндегі көлдің жағасында жас отбасы отау тіккен. Алайда, отбасын меңдеген дерт бар. Кішкентай нәресте қатты сырқат. Қолдан келер дәрмен жоқ. Әкесі құдайға құлшылық етіп, киелі ағашқа жіп байлайды, үйіне бақсыны да шақырады. Бақсы нәрестені тіршілік нәрінен тарықтырып, тұншықтарған жын-перінің барын анықтайды. Сөйтіп ол зұлым күштің иесімен алысады, бірақ шамасы жетпейді. Әке мен шеше қайғы жұтып қала береді. Шарасыз күйге түскен шеше түн ішінде көлге барып, Ұмай анадан көмек сұрайды. Киіз үйге ай сәулесін бойлай бесік пірі келіп түседі. Сөйтіп, адам баласының өмірі үшін жақсылық пен зұлымдық арасындағы күрес басталады. Ежелгі дұғалармен тұтаса үндескен бесік жыры бүкіл фильмге арқау болады. Әке мен шешенің ең соңғы үміті – бесік жыры. Бесік жыры жақсылық пен зұлымдықтың, қараңғылық пен жарықтың, өлім мен өмірдің арасындағы арпалысты жеңген жеңістің жырына айналады.
«Әмен ағаның ғажап бәйтерегі» (реж.Жанәділ Байдарбеков). Бұл фильм қазақ анимациясын негізін қалаушы, режиссер және суретші Ә.А. Қайдардың 100- жылдық мерейтойына арналған.
Сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет күндері аясында Өзбекстанда қазақстандық өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен гала-концерт жоспарлануда.
20 маусым 2023
23 маусым 2023
Ташкент қ., Өзбекстан
Мәдениет күндері