Туристік операторлық қызметке лицензия алу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді
Туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою шеңберінде туристік операторлық қызметке лицензия (бұдан әрі – Лицензия) алу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі (бұдан әрі – ТБЖ) енгізілді.
Соңғы уақытта туроператор лицензиясын алу кезінде өтінімге қоса берілетін құжаттарды бұрмалау және қолдан жасау жағдайлары жиілеп кетті. ТБЖ қалай енгізіледі? Қызметкерлер, олардың білімі туралы құжаттарды, электрондық еңбек шарттарын, салық аударымдары және басқа да мәліметтерді автоматты түрде салыстыру әрі алу үшін мемлекеттік органдардың деректер базаларымен верификациялау және интеграциялау түрінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің қызметкерлерімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі – «ҰАТ» АҚ), «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар аясында төмендегідей барлық жұмыстар сәтті аяқталды:
- Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы (ЖБББП), Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) – білім туралы мәліметтер (оқу орнының атауы, дипломның нөмірі мен берілген күні, мамандығы, біліктілігі);
- Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ) – еңбек өтілі туралы мәліметтер (жұмыс орны, атқаратын лауазымы, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың күні, жеке еңбек шартының нөмірі);
- Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры (ЖМБМК) – жер және құқықтық кадастрлардың мәліметтері (меншік құқығын растайтын құқық белгілейтін құжат және/немесе өзге де заңды құқықтарды растайтын құжат, шарттың нөмірі, жасалған күні және қолданылу мерзімі (өзге де заңды құқықтар болған жағдайда), шарт жасасқан заңды тұлғаның/ЖК/жеке тұлғаның атауы мен БСН/ЖСН, үй-жайдың орналасқан мекенжайы). Туризм және спорт министрлігі «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп Министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың (қызмет көрсетушілердің) қызметкерлері үшін көрсетілім өткізді. Жыл соңына дейін қызметті алушылардың лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін ұсыну бөлігінде салық органдарының жүйелерімен қосымша интеграцияларды жоспарлап отырмыз.
e-Qonaq(E-HOTEL) ақпараттық жүйесі
«e-Qonaq» – туристік ағынды есепке алуға, орналастыру орындарының бірыңғай тізілімін жүргізуге және Қазақстан Республикасының аумағында шетел азаматтарының болуы туралы ішкі істер органдарына хабарламаларды автоматты түрде жолдауға арналған мемлекеттік цифрлық ақпараттық жүйе.
Жүйенің меншік иесі – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі. Жүйе Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында әзірленген.
Жүйенің негізгі міндеттері
- туристік ағынның бірыңғай есебін жүргізу;
- орналастыру орындарының бірыңғай тізілімін қалыптастыру;
- көші-қон заңнамасы талаптарының орындалуын автоматтандыру;
- туристік сала субъектілері үшін мемлекеттік сервистердің сапасын арттыру;
- басқарушылық шешімдер қабылдау үшін туристік ағын туралы талдамалық ақпарат қалыптастыру.
Жұмыс істеу қағидаты
Орналастыру орындары (қонақ үйлер, отельдер, хостелдер, санаторийлер, пансионаттар, апартаменттер және басқа да нысандар) келген қонақтар туралы мәліметтерді «e-Qonaq» жүйесіне тіркейді. Ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға автоматты түрде беріледі. Бұл көші-қон заңнамасының талаптарын уақтылы орындауға, қағаз құжат айналымының көлемін азайтуға және туристік салаға қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Білу маңызды!
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдаушы тұлғалар шетел азаматтарының келген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде олардың болуы туралы ішкі істер органдарына хабарлауға міндетті.
Хабарлама келесі тәсілдердің бірі арқылы жолдануы мүмкін:
- электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып www.vmp.gov.kz визалық-көші-қон порталы арқылы;
- көші-қон қызметі бөлімшесіне жеке жүгіну арқылы;
- пошта арқылы;
-«e-Qonaq» ақпараттық жүйесі (www.eqonaq.kz) арқылы.
Заңнама талаптарын сақтамау Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.