«Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңына сәйкес өзін құмар ойындардың жағымсыз салдарынан қорғағысы келетін адам құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға шектеу қоя алады.
1 қадам. Жеке тұлға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге шектеу туралы еркін нысанда кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға жазбаша өтініш толтырады және береді.
Мәлімет үшін: өтініште тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басты куәландыратын құжаттың деректері, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу мерзімі, өтініш берушінің жеке қолы болуға тиіс. Берілген өтініш қайтаруға немесе кері қайтарып алуға жатпайды. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың біріне өтініш беру Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ойын бизнесін ұйымдастырушыларға өтініш беру ретінде қаралады. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу мерзімі өткенге дейін жеке тұлға шектеуді жаңа мерзімге ұзарту туралы өтініш бере алады.
2 қадам. Ойын бизнесін ұйымдастырушы қабылдаған және тіркеген өтініштің көшірмесі ол қабылданған күннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірілмей уәкілетті органға ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің туризм индустриясы Комитетіне жіберіледі.
3 қадам. Уәкілетті орган ҚР мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы Комитеті осындай өтініш келіп түскен күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлға туралы мәліметтерді құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізіміне енгізеді, осыдан кейін жаңартылған тізім құмар ойындар және немесе бәстесуге қатысуға шектеулі тұлғалармен құмар ойындар және немесе бәстесу өткізу және ұйымдастыруға тыйым салатын ойын бизнесін ұйымдастырушыларға жолданады.
Бұдан басқа, жеке тұлғаның өзі құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу туралы өтініш беруден бас тартқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 27-бабының 1-тармағында көзделген, құмар ойындарға, бәс тігуге, спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарына қиянат жасалуы салдарынан өз отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға душар еткен азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен шектеуі мүмкін.
Сонымен бірге, 15-1-баптың 2-тармағына сәйкес жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде уәкілетті органға мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы Комитетіне осындай адамды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан шектелген адамдардың тізіміне енгізу туралы өтініш жасауға құқылы. Тек ойын бизнесін ұйымдастырушысы нақты тізімді жасырын бөлімге өту арқылы жүктеуге болады және ойын бизнесін ұйымдастырушының электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы авторланған (құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия саналады). Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/hidden?lang=ru