«Таза парақтан» бизнесті реттеуді
2020 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «таза парақтан» бизнесті реттеуді енгізуді тапсырды.
Реформаны жүргізу жөніндегі негізгі міндеттер Қазақстан Республикасының Президентінде 2020 жылғы 31 желтоқсанда қол қойылған жаңа реттеуші саясатты енгізу жөніндегі шаралар туралы көрініс тапты.
Осы тапсырманы орындау үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен, салалық сарапшылармен, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көлік саласындағы нормативтік құқықтық актілерге бизнеске қойылатын реттеушілік талаптардың «негізділік», «кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі» «ашықтық», «орындылық», «сенімділік», «пропорционалдылық және ұтымдылық», «жүйелілік» сияқты 7 базалық шарттарға сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізді.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін 11 557 талаптарды және (немесе) реттеуші құралдарды белгілейтін барлығы 290 нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды.
Талдаумен жоғарыда көрсетілген базалық шарттарға сәйкес келмейтін кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын 1303 талап анықталды, оның ішінде авиация саласында – 87, автомобиль көлігінде – 134, теміржол көлігінде – 984 және су саласында – 98.
Қазіргі уақытта Министрлік нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген базалық шарттарға сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Аталған жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.