Қазақстан мен Ресей көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Ресей делегацияларының келіссөздері.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Андрей Никитинмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жүк тасымалы көлемін арттыру, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту, көлік саласын цифрландыру, әуе қатынасын кеңейту және автомобиль дәліздерін дамыту мәселелеріне назар аударылды.

«Ресей – Қазақстанның негізгі көлік серіктестерінің бірі. Біз тасымал көлемін одан әрі арттыру, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту және көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін кеңейту бағытында зор әлеует бар екенін көріп отырмыз. Саланы цифрландыруға, заманауи шешімдерді енгізуге және тәжірибе алмасуға ерекше мән береміз. Осы бағыттардағы бірлескен жұмыс көлік саласындағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», – деді Әсел Жанасова.

Кездесуде екі ел арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыру мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды. Биылғы жылдың 10 айында теміржол көлігімен тасымалданған жүк көлемі 80,5 млн тоннаға жетті. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтетін Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік тасымал көлемі де артып келеді.

Тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін шекара маңындағы инфрақұрылымды үйлесімді дамыту маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарға өткен жылы транзит және түйіспе пункттерін дамыту саласында қол қойылған келісімдер негіз болады.

Тараптар көлік саласын цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазақстан электрондық құжат айналымын дамытуға, өткізу пункттерінде цифрлық шешімдерді енгізуге және екі елдің ақпараттық жүйелерін интеграциялауға мүдделі. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және бірлескен цифрлық жобаларды іске асыруға дайын екені айтылды.

Сонымен қатар тараптар «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту перспективаларын талқылады. Бұл бағыт Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін арттыруға және халықаралық нарықтармен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан көлік инфрақұрылымын жаңғырту, бағыттардың өткізу қабілетін арттыру және қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Жол саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық та талқыланды. Қазақстан Ресейдің жол шаруашылығын цифрландыру, зияткерлік көлік жүйелерін енгізу, жол жұмыстарының сапасын бақылау, көпірлерді басқару және көлік құралдарының салмақтық-габариттік параметрлерін бақылау бағытындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі. Сонымен қатар ресейлік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен «ҚазжолҒЗИ» АҚ арасындағы ынтымақтастықты дамыту ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және көлік саласындағы қаралған барлық бағыт бойынша практикалық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін растады.