ҚР Туризм және спорт министрі Е. Маржықпаевтың лудомания және букмекерлік кеңселердің жұмысын біріктіру мәселелері бойынша AMANAT фракциясының кеңейтілген кеңесіне тезистері, ҚР Парламенті Мәжілісі, 9 қараша 2023 жыл

ҚР Туризм және спорт министрі Е. Маржықпаевтың  лудомания және букмекерлік кеңселердің  жұмысын біріктіру мәселелері бойынша  AMANAT фракциясының кеңейтілген кеңесіне тезистері, ҚР Парламенті Мәжілісі, 9 қараша 2023 жыл

Бүгін біз қоғамда қауіпті дертке айналған – лудоманияға қатысты аса маңызды мәселені Cіздермен бірге талқылаймыз.

Кеше ғана, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қауіпсіздік Кеңестің отырысында аталған проблемаға арнайы тоқталды. Рас, бұл ұлт болашағына төнген қауіппен күресу бәрімізге маңызды.

Лудоманиямен күресуде біз өз тарапымыздан бірқатар шараларды қолға алып жатырмыз. Мысалы, жыл басынан бері жаңа құмар ойын лицензиясын алу үшін біраз өтініштер келіп түсті, біз ешқайсысын қолдамадық.

Өкінішке қарай, құмар ойынның жетегінде кетіп жатқан жастарымыздың саны күнара өсіп келеді.

Жеңіл ақша табуға шақырған түрлі жарнама жастарымызды құмар ойынға алдап түсіріп жатыр.

Қарызға батқан көп отбасы ажырасып, тіпті өз-өзіне қол жұмсаушылар да бар.

Мен облыс әкімі бола тұра, осындай отбасылардың көбімен жүзбе-жүз кездестім. Қоғамдық қабылдауыма құмар ойынның шырмауына іліккен жастардың аналары мен жас жігіттердің әйелдері көп келетін. Соңғы жалақысын, несиесін салып жатқандары бар. Мәселе біреу ғана, қалай бұл дерттен айығамыз?!

Бүгінгі таңда республика бойынша ойын бизнесімен айналысуға 28 лицензия берілген.

Оның бесеуі (5) казино, сегізі (8) ойын автоматтары залы, он үші (13) букмекерлік кеңсе және екеуі (2) тотализатор.

Бейресми статистикалық ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда букмекерлік кеңселердің, казинолардың, сондай-ақ слот-залдардың 350 мыңнан астам белсенді клиенті бар екені анықталған.

Әрине, бұл дертпен күрес қарқынды жүретін болады. Министрлік құмар ойындарға қарсы мемлекеттік бақылауды, реттеуді және заңнаманы жетілдіру бағытында жұмысты едәуір күшейтті.

Бұл ретте, құрметті Ерлан Жақанұлы, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, депутаттар тарапынан аталған мәселеге тиісті қолдау көрсетіліп жатқанына ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Ендігі кезекте Министрлік қолға алып жатқан бірқатар іс-шараға тоқталып өтсем.

Біріншіден, мемлекеттік бақылау шеңберінде ойын бизнесі қызметтеріне тексеру жүргізілуде. Заң бұзса, немесе наразылық талап-арыз бен түсіндіру жұмыстары аясында олардың лицензияларының күші жойылады.

Өткен жылы 4 ойын автоматтары залына жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бақылау субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 слот-зал лицензиядан айырылды («Изумруд» в г. Конаев).

Сондай-ақ, биыл тексеріс нәтижесінде
7 букмекерлік кеңсенің, 5 тотализатордың және 1 ойын автоматтары залының лицензиялары тоқтатылды. Қазіргі уақытта сот арқылы тағы 3 букмекерлік кеңсені лицензиядан айыру рәсімі жүргізілуде.

2021 жылдан бастап түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 17 букмекерлік кеңсе лицензиясын өз еркімен қайтарды (2021 - 9, 2022 - 2, 2023 - 6).

Жалпы алатын болсақ, 2021 жылдан бастап бүгінге дейін ойын бизнесі субъектілерінің саны екі есе қысқарды, яғни 71-ден 28-ге дейін азайды.

Екіншіден, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға қарсы күрес жалғастырылуда.

Биылдан бастап заңсыз материалдарға, оның ішінде интернет-казинолардың қызметі мен жарнамасын шектеу жөнінде шаралар қабылдау үшін шамамен 7 мың интернет-ресурс пен сілтеме «Кибернадзор» ақпарат жүйесі арқылы бұғатталды.

Одан бөлек, ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушылардың әлеуметтік желілерде анықталған аккаунттарымен, сондай-ақ заңсыз орналастырылған ойын автоматтарымен күрес жүреді. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында Қаржы мониторингі агенттігіне және Ішкі істер министрлігіне 40-тан аса сұраныс жолданды.

Үшіншіден, цифрландыру бағытында ойын бизнесі субъектілеріне қатысты тексерулерді автоматтандыру бойынша жұмыстар аяқталуда.

Сондай-ақ, құмар ойын мен бәс тігуден азаматтар өз бетінше бас тартатын жүйе құру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда тек «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен пысықталатын техникалық мәселелер ғана қалып отыр.

Төртіншіден, Мемлекет Басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінде берілген тапсырмаға сәйкес, ойын бизнесі мен лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, сондай-ақ лудоманияның алдын алу жөнінде жол картасы әзірленуде.

Жол картасы 22 іс-шарадан тұрады.

Негізгілеріне қысқаша тоқталып өтсем:

- «Аманат» партиясымен бірлесіп халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру;

- құмар ойындарға тәуелді азаматтарға психологиялық және медициналық көмек көрсету;

- құмар ойының салдары туралы ағартушылық және ақпараттық жұмыстар жүргізу.

Бесіншіден, Министрлік Қауымдастықтармен «Қазнет» желісінде ойын бизнесінің заңсыз ұйымдастырушыларын анықтау, заңсыз букмекерлік кеңселерді әшкерелеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ профилактикалық мәселелер бойынша ынтымқтастық жүзеге асырылуда.

Ерекше атап өту қажет, қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың 38 Пленарлық отырысы қорытындысы бойынша Қазақстан өзара бағалау рәсімін сәтті аяқтады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйым стандарттарына сәйкес деп танылды. Жалпы, мұндай бағалауды 200-ден астам мемлекет кіретін жаһандық желісінің тек 15 елі ғана алған.

Құрметті депутаттар!

Жоғарыда баяндалғандар Министрліктің тарапынан атқарылған, атқарылатын жұмыстар болса, ендігі кезекте өздеріңіз әзірлеген заңнамалық бастамаларға тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.

Осы ретте, «Аманат» фракциясымен бірлесіп біз біршама жұмысты алға жылжыттық.

Мәселен, Елнұр Бейсенбаев, Динара Закиева, Еділ Жаңбыршинның бастамаларымен «Ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері» бойынша арнайы заң жобасы даярланды.

Бұл заң жобасында 50-ден астам нақты түзетулер көзделген. Аталған заң жобасы арқылы 2 кодекс және 7 заңға қажетті түзетулер енгізіледі.

Оның ішінде,

- Букмекерік кеңселердің жарнамасын шектеу;

- Тұрғын-үй, дүкендерде, медицина, білім беру нысандарында лотоматиктерді орнатуға тыйым салынады;

- Онлайн казиноны ұйымдастырушыларға қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;

-Онлайн казиноға, заңсыз букмекерлік кеңселерге транзакциялар жасауға тыйым салу;

-Өтелмеген қарызы бар азаматтарға, оның ішінде алименттік және салықтық жабылмаған қарызы бар адамдарға құмар-ойындарға қатысуға тыйым салу;

-Букмекерлердің қаржы айналымын нақты білу үшін – салық органдарының қаржылық-ақпараттық жүйлерімен интеграциялау;

-21 жасқа толмаған жастарды құмар ойынға заңсыз қатыстырғаны үшін жауапкершілік бекітеміз.

Қазіргі уақытта, құзіретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа қатаңдатылған құралдарды қарастыратын 16 түзету бойынша реттеушілік әсерді талдау процедуралары аяқталуда.

Барлық РӘТ бойынша Ұлттық экономика министрлігінің оң қорытындылары алынып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қорытындысы күтілуде, немесе келіспеген жағдайда (15 жұмыс күні) баламалы РӘТ өткізіледі. Әрі қарай, РӘТ нәтижелері кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға шығарылады.

Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің ескертулері бойынша пысықталған Үкімет қорытындыларының жобалары мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтеді.

Нәтижесінде, бір ай ішінде Үкіметтің қорытындысын Парламент Мәжілісіне енгізуді жоспарлап отырмыз.

«Әрине, Үкімет неге өзінің қорытындысының уақытын өзі созып жатыр?» деген заңды сұрақ туады. Осы жерді ашып түсіндіре кеткім келеді.

Қоғамдық талқылау кезеңінде біз бизнес субъектілерінің жойқын наразылығына, ойын және жарнама индустриясы салалық бірлестіктерінің едәуір қарсылығына тап болдық.

Кәсіпкерлік Кодексіне сүйене отырып, ойын және жарнама бизнесінің салалық қауымдастықтары қатаңдатуды көздейтін шараларға қарсылықтарын ашық айтып отыр. Яғни, ол түзетулер бизнестің одан әрі дамуына кедергі келтіреді әрі нарықта табыс табу құқығынан айырады деп қарастырады.

Осыған байланысты, біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп Бизнестің мүдделі өкілдерімен кездесулер өткіздік.

Құрметті депутаттар!

Бұл жерде тек «AMANAT» Фракциясының күшімен алып шығамыз. Сол себептен біз сіздермен тығыз жұмыс жасауға дайынбыз.

Қосымша атап өткен жөн, Арменияның, Оңтүстік Кореяның, Финляндияның және Еуроодақтың кейбір елдерінің халықаралық тәжірибесінен алынған ең жақсы заң негізінде, біз депутаттық корпуспен бірлесіп, ойын бизнесі туралы Заңға түзетулердің қосымша пакетін дайындап жатырмыз:

- құмар ойындарды және ставкаларды ұйымдастырушылардың әлеуметтік саланы дамытуға міндетті аударымдарын кемінде 10% мөлшерінде белгілеу;

- құмар ойындарға қатысудан және ставкадан өзін-өзі шектеу мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайту;

- блогерлер мен басқа да танымал медиа-тұлғалардың интернет-казино мен букмекерлік кеңселерді жарнамалауына тыйым салу;

- құмар ойындарға белсенді қатысушы азаматтар үшін несиелер беру кезінде қатаңдатылған талаптарды белгілеу.

Құрметті депутаттар!

Жоғарыда аталған барлық шара азаматтардың денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерін азайту жөніндегі Президенттің Қауіпсіздік Кеңесінде қойған міндеттерін орындауға қызмет етеді.

Сіздердің қолдауларыңызбен, осында қатысып отырған әріптестерімізбен бірге аталған жұмыстарды одан әрі күшейтілген режимде жалғастырамыз деп сенемін.

Жоғарыда баяндалғанды қорытындылай келе, лудоманиямен күресу үшін заңнамалық актілерді қабылдау бағытындағы депутаттармен бірлесіп атқарылып жатқан белсенді жұмыстар үшін, Сіздерге алғысымды білдіремін.