ҚР Туризм және спорт министрі Е. Маржықпаевтың Үкімет отырысында сөйлеген сөзі. 2023 жылғы 31 қазан

Қазақстандық туристік өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ағымдағы жағдайды және қосымша іс-шаралар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.
Жақында Самарқандта өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясында әлемдік ағындардың толық қалпына келмегені туралы айтылды (2023 жылғы 1 тоқсаны 2019 жылғы деңгейден 80%, жыл соңына дейін 95% болжаммен). Бұл ретте Қазақстан пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткізді, динамикалық өсу бар.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 миллионнан астам отандасымыз ел ішінде саяхат жасады.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мыңға артық. Болжам бойынша жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді (2019 - 6,7 млн адам, 2020 - 4,5 млн адам, 2021 - 6,9 млн адам, 2022-8,6 млн адам).
Сондай-ақ, шетелдік туристердің саны екі есе өскені байқалады. Бұл 6 айдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адамды құрайды. Жыл қорытындысы бойынша көрсеткіш 1,4 млн туристке жетеді. (2019 – 980 мың адам, 2020 - 253 мың адам, 2021 – 330 мың адам, 2022 – 928 мың адам).
Туристердің өсуімен туристік сектордағы кәсіпкерлердің де табысы өсті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орналастыру орындарына шамамен 100 млрд теңге табыс келді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 30 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ, биыл Алматы облысы, Саты ауылы (Көлсай көлдері МҰТП) Дүниежүзілік туристік ұйымның «Үздік туристік ауыл» сыйлығына лайық деп танылды. Бұл бізде агро және ауылдық туризмнің барынша дамып келе жатқанын көрсетеді деуге болады.
Биылғы 9 айда туризмге 404,8 млрд теңге инвестиция (НКИ) тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44% пайызға артық.
Өңірлер бөлінісінде ең көп өсім Солтүстік Қазақстан (+698%), Павлодар (+414%), Ақтөбе (+351%) және Алматы (+341%) облыстарында байқалады, ал теріс динамика 5 өңірде бар: Ұлытау облысы (15%), Маңғыстау облысы (53%), Жамбыл облысы (64%), Қызылорда облысы (67%), Атырау облысы (68%).
Инвестициялар бойынша жылдық жоспарға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлер жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны әкімнің жеке бақылауына алуы қажет.
Шетелдік туристердің өсуіне елдің халықаралық ашықтығы да оң әсер етеді.
Сексен (80) елден тұратын визасыз режимнен басқа, біз Қытаймен визалық талаптардың үкіметаралық келісімі барысында Қытай бағытының жанданғанын көріп отырмыз.
Жалпы Қазақстанда, бізге келетін туристерге виза алу процесі мен е-виза кезінде бірнеше қиындықтар бар екенін атап өтемін. Мысалға, туристерге шақыру қағазын алуға бірнеше апта кетеді және әуежайда төлқұжатқа виза қою процесі бірнеше сағатты алады. Осы жағдайлар туристік топтарға қолайсыздық тудырады.
Осыған байланысты шақыру алуды цифрландыру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ, құрлықтағы өткізу пункттерінде электронды визамен мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Анықтама:
Қазіргі уақытта Е-виза бойынша елге халықаралық әуежайлар арқылы ғана кіруге болады.
СЛАЙД 5
2022 жылдан бастап кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілді.
Анықтама:
- туроператорларды шетелдік турист үшін субсидиялау (15 мың теңге.);
- тау шаңғысы курорттары үшін техника мен жабдықтарды (аспалы жолдар, ратрактар, қар генераторлары) сатып алу бойынша өтемақы (25%);
- туристік нысандарды (10%), жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын (10%) салу кезінде өтеу;
- туравтобустарды сатып алу бойынша өтемақы (25%);
- СГТ күтіп-ұстауды субсидиялау (83 300 тг.);
- турпакет (kids go Free) құрамында балалар авиабилетін өтеу.
2023 жылдың басынан бастап мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бойынша оң динамика байқалады. Мәселен 2022 жылы барлығы 104,4 млн теңгеге пилоттық қолдау шаралары көрсетілсе, бүгінгі таңда жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам өтінімдер мақұлданды.
Кидс Гоу Фри бағдарламасына бөлек тоқталғым келеді. Жобаны іске асырудың барлық кезеңінде (2022 жыл және ағымдағы жылы 10 ай.) бағдарламаны мың жарым отбасы пайдаланды, соның арқасында 3,2 мың бала ел бойынша тегін саяхаттауға мүмкіндік алды (2022 жылы – 1 434, 2023 жылы-1 787 адам). Жыл соңына дейін тағы 1 мың баланы қамту жоспарлануда.
Жобаны мұғалімдердің қадағалауымен жүретін мектептегі топтық турларға тарату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, министрлікпен шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қонақ үйлер салуға мүмкіндік беру мәселесі қаралуда. Бұл шара ауылдық жерлерде (2200 фермерлік шаруашылық) жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Пандемиядан кейін бүкіл әлемнің туристік секторында туристердің назарын аудару үшін белсенді «күрес» байқалады. Әр мемлекет өз елдерін жарнамалауға айтарлықтай қаражат салуда.
Анықтама:
- Өзбекстан 2023 жылға елдің брендін әзірлеуге және елдің жарнамасын ұлғайтуға 9 млн. АҚШ долларын (4 млрд. тг.) бөліп отыр;
- Әзірбайжан туризмі бойынша бюджет шамамен 24 млн. еуроны құрайды (7,4 млрд. теңге.) өнімдерді әзірлеуге, қызметкерлерді оқытуға, елдегі өңірлерде жұмыс істеуге, олардың шамамен 60% – ы (9 млн. еуро) - маркетинг, PR, жарнама;
- Грузияда тек бір халықаралық ITB Berlin туристік көрмесінде (2023 ж. Наурыз) жарнамаға 37 млн. АҚШ долларын (16,7 млрд. тг.) жұмсады. Starring Georgia науқаны аясында Грузияда 27,7 млн.АҚШ долларына (12,5 млрд. теңге) танымал шетелдік топтар мен орындаушылардың концерттері өтеді.
Бұл бағытта біз шетелдік туристерді тарту және туристік имиджді ілгерілету жөніндегі жұмысты күшейтеміз.
Қытайда «Қазақстан туризмі» жылын өткізуге, Халықаралық көрмелер санын көбейтуге, шетелдік БАҚ-тарды тартуға баса назар аударылады.
Сонымен қатар, туризм және спорт индустриясын қолдаудың Корпоративтік қоры арқылы туризмге қатысты ауқымды іс-шараларды бюджеттен тыс қаржыландыру тетігі пысықталуда.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты.
2019-2021 жылдар аралығында 37,3 млрд теңге сомасына 56 жоба аяқталды.
Өткен жылы құны 27 млрд теңге тұратын 28 инфрақұрылымдық жоба аяқталды.
Құрметті Әлихан Асханұлы сіздің тапсырмаңыз бойынша басым аумақтар тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, әр аймақта өсудің ең перспективалы нүктелері анықталды. Бұрын ұсынылмаған тізімге Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Ұлытау облысы және тағы басқа өңірлер кіреді.
Сондай-ақ тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында дамудың нақты учаскелерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктерді және қаржы моделін айқындай отырып, мастер-жоспарлар әзірленетін болады.
Аталған жоспарлардың жүзеге асуына мониторинг жасауды ведомствоаралық комиссияға тапсыру ұсынылады.
Жалпы туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлінеді.
Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес 15 инвестициялық жобаның тізбесін қалыптастыру бойынша Ақтау қаласында жылы жағажайдың дамуын аяқтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ «Қаскелең» тау шаңғысы курортының құрылысына инвесторлар іздеу, Silk Road Express турпоездын іске қосу, Алматы қаласында конгресс-көрме орталығы құрылысының жүргізілуі, Қазақстанның оңтүстігінде тақырыптық ойын-сауық паркін ашу сияқты бірнеше жоба іске асырылуда.
Шетелдік туристердің жайлылығын арттыру үшін шекарада QR-кодтар енгізу пысықталуда.
Олар бойынша туристер гидтер, такси құны, электронды сим картаны сатып алу, қазақ тіліндегі пайдалы сөз тіркестері сияқты ең қажетті ақпарат таба алады.
Сондай-ақ келесі жылы туристік тартымдылыққа сүйене отырып, өңірлер рейтингі бойынша цифрлы платформа әзірленетін болады. Бағалау критерийлеріне ыңғайлы навигацияның, қоғамдық орындарда интернеттің болуы, туробъектілерге билеттерді сатып алу сервистерінің жұмысы және тағы басқа кіреді.
Бұдан басқа, білікті гидтер мен экскурсоводтардың бірыңғай ақпараттық базасын құру, яғни гидтердің қызметін цифрландыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Туристерді алып жүретін гидтерге арнайы бейджиктер беріліп, олар сол арқылы мұражайларға, ұлттық парктерге және басқа орындарға тегін кіруге мүмкіндік алады.
Инфрақұрылымды дамытумен және жүйелі шаралармен қатар кадрлық әлеуетті де дамыту маңызды.
Қазақ Туризм 2024 жылы да жалғастыруды жоспарлап отырған бірқатар бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде:
- Онлайн туризм академиясы базасында жаңа курстар арқылы сала қызметкерлері мен кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыру;
- Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастығының федерациясын (WFTGA) тарта отырып, гидтерді дайындау, сондай-ақ халықаралық әдістеме бойынша кәсіби гидтерді дайындай алатын жаттықтырушыларды даярлау;
- Ауыл тұрғындарын қабылдауға үйрету. Бұл жоба 3 жылдан бері жүзеге асып келеді, бүгінге дейін 900-ден астам адам оқытылды.
Жоғарыда аталған барлық шара арқылы Қазақстанның туристік беделі артып, көрікті жерлерімізді әлемге танылады, сала айрықша дамиды деп сенеміз.