Туризм және спорт министрі азаматтарды жеке қабылдады

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Кездесу барысында Алматы қаласының тұрғыны елімізде киберспортты дамытуға бағытталған геймер отель ашу жобасын таныстырды. Бұл бастама ішкі туризмді дамытуға, кейінгі жылдары елімізде қарқынды дамып келе жатқан киберспорт саласының инфрақұрылымын жетілдіруге зор үлес қосуы мүмкін.
Қазіргі таңда елімізде 225 мыңнан астам азамат киберспортпен айналысады. Биыл елімізде киберспортты дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат саланы жүйелі дамытуға, инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетті күшейтуге, сондай-ақ халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған.
Өздеріңізге мәлім, 2026 жылы Астана қаласында «Болашақ ойындары» халықаралық турнирін өткізу жоспарланған. Мұндай ауқымды жоба елімізді жаһандық киберспорт алаңында маңызды орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді.
Қабылдау барысында көтерілген мәселе назарға алынып, министрлік қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.