ДАМУ — ДЕПУТАТТАР ТАЛҚЫСЫНДА
Сырым аудандық мәслихатының кезекті 52-сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, оның орынбасарлары, аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, «Қауіпсіз өңір» жобасының орындалуы, қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалуы және мемлекеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындығы туралы төрт мәселе енгізілді.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. 2025 жылға жоспар 7 млрд 074,5 млн теңге болса, 7 млрд 179,1 млн теңгеге орындалды. 2025-2026 жылдарда Сырым ауданының инфрақұрылымы, әлеуметтік-экономикалық даму кқрсеткіштері артып, құрылыс,тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және инвестиция тарту бағытында көптеген жобалар іске асырылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Аудан басшысы алдағы 3 жылдың облыстық даму жоспарында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелер қамтылғанын айтты. Аудандық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі, Жымпиты ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Алғабас, Шағырлой ауылдарында спортзал салу 2029 жылға жоспарланған. Алдағы көктемде аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталады.
Баяндамадан кейін аудандық мәслихат депутаты Жасқайрат Кенжебаев пікір білдірді. Талқылау қорытындысында ұсынылған шешім жобасы депутаттардың қолдауына ие болып, бірауыздан қабылданды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Қауіпсіз өңір» жобасының жүзеге асырылуы туралы аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов баяндады. Ауыл шаруашылығы жануарларының қараусыз жүруінің алдын алу үшін шаруашылық құрылымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалып, қараусыз жүрген жануарларды уақытша қамайтын 21 айыппұл тұрағы салынды. Шаруа қожалық иелеріне электронды бақташы құрылғысына көшу жөнінде түсіндірілуде. Жол-көлік оқиғасының алдын алу, жол белгілерін орнату, трансформатор қоршау, өрт сөндіру гидранттарын күтіп ұстау, тағы да басқа бірқатар жұмыстарды атап өтті.
Мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты Арайлым Жукеева пікір білдіріп, ұсынылған шешім жобасы толық қолдау тапты.
Үшінші мәселе қоғамдық тәртіпті сақтау саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалуына арналды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Азамат Хасанов баяндама жасады. 2026 жылы 9 ай ішінде 29 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, ашылуы 64,5 пайызды құрады. Осы мерзімде 1561 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Барлық сала бойынша 19 млн 185,5 мың теңге айыппұл салынып, оның 17 млн 779,9 млн теңгесі өндірілді. Қоғамдық орында жасалған 9, топпен жасалған 1 қылмыс орын алды. Мас күйде жасалған қылмыс 40 пайызға өсіп отыр. Көшеде жасалған қылмыстар 75 пайызға, бұрын сотталушылар жасаған қылмыс 2 есеге ұлғайды.
Ал мемлекеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындығы туралы мәселе бойынша Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов баяндады. Аудан бойынша 83 әлеуметтік нысан болса, аудан және ауылдық округ әкімі аппаратында 12 мекеме, білім саласында 27 мекеме, мәдениет және спорт саласында 20 мекеме, денсаулық сақтау саласы бойынша 24 мекеме барлығы жүз пайыз газбен жылытылады. Бірнеше мектептерде және медпункттерде бу қазандығын ауыстыруды қажет етеді. Аудандық мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бу қазандықтарын жедел ауыстыру, жол бойындағы шөптерді шабу, тұрғын үй берешегіне қатысты ескерту жасап, тапсырма орындалғаннан кейін ақпаратын беруге жауапкершілік жүктеді. Аталған мәселе бойынша да ұсынылған шешім толық қолдау тапты.
Аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ширмединұлы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің автотұрағын кеңейту, аудандық аурухананың жедел жәрдем бөліміне баратын жолды жөндеу туралы ұсыныстар айтты. Басқа да депутаттар жасалған баяндамаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сессия барысында күн тәртібіне енгізілген барлық мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Мекеме басшыларына тапсырмалар жүктеліп, орындауға уақыт берілді.