Қайырлы күн, құрметті Дәурен Әскербекұлы!
Құрметті әріптестер!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлерге шығу тапсырмасына орай, Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығынан арнайы мониторингтік топ құрылып, үстіміздегі жылдың ақпан, наурыз айларында 6 өңірдің жұмысына талдау жасалды. Нақтырақ айтсақ, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстары және Алматы, Шымкент қалалары. Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар өзекті мәселелер анықталды.
Бірінші. Спорттық инфрақұрылымның қажеттілігіне талдау жүргіздік.
Жалпы аймақтық стандарттар жүйесі бойынша мың адамға арналған спорт залдың аумағы 80 шаршы метрді құрауы керек. Алайда өңірлердегі нақты жағдай бұл стандартқа сәйкес келмейді.
Елді мекендерде спорт залға деген қажеттілік бір жарым миллион шаршы метрден жоғары, ал қолданыста – 935 мың шаршы метр бар.
Демек, спорт алаңдарының тапшылығы 39% немесе 574 мың шаршы метрді құрайды.
Спорт зал жетіспейтін аймақтардың қатарында Түркістан, Алматы облыстарын, сондай-ақ, Шымкент қалаларын айтуға болады. Павлодар, Қарағанды облыстарындағы жағдай жақсы, бірақ бұл аймақтарда инфрақұрылым жағынан кемшіліктер жоқ емес.
Өздеріңіз білетіндей, спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатында 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылған болатын.
Бұдан бөлек, Үкіметке 2025 жылға дейін спорттық инфрақұрылымды дамытудың арнайы жоспары ұсынылды. Осы құжат аясында 140 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 113-і – жаңа нысандардың құрылысы, 21-і – реконструкциялау және 6 жоба – қосымша жабдықтандыру.
Алайда, аймақтардағы спорт мекемелеріндегі жаттығу базаларының тапшылығын және көпшілігінің тозығы жетіп, ескіргенін атап өту керек.
Мониторингтік топ жұмысын жүргізген өңірлердің ішінде материалдық базасы төмен облыс – Ақмола облысы. Көкшетау қаласында жекпе-жек түрлерінен жаттығулар мен республикалық жарыстар өткізетін спорттық ғимараттар жоқ. Жалпы соңғы спорттық кешен 2009 жылы пайдалануға берілген. Материалдық базаның әлеуетін өңірде өткізілетін Республикалық кешенді жарыстармен анықтауға болады. Көкшетауда соңғы Республикалық кешенді жарыс 2005 жылы өтті.
Осыған орай спорттық инфрақұрылым тапшылығын азайту мақсатында, Солтүстік Қазақстан облысының үлгісі бойынша қалалық және ауылдық жерлерде жылдам құрастырылатын модульді спорт ғимаратын салу қажет. 2018 жылы оның құны 117 млн.теңгені құраған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты өмір салтына, балалар спортын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Республика бойынша жұртшылыққа дене шынықтыру мен спорттың пайдасын түсіндіру, насихаттау ісіне мүлде көңіл толмайды. Жергілікті жерлерде бұқаралық спортты дамытуға арналған нақты жобалар жоқтың қасы. Біздегі бұқаралық спорт бір күндік жарыстар мен іс-шаралар өткізумен сипатталады. Бұл шараларға негізінен спорт мектептерінің спортшылары қатысады. Соның салдарынан республика бойынша жасы 30-дан жоғары тұрғындардың 83 %-ы спортпен шұғылданбайды.
Осыған орай, бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы оң тәжірибені ескере отырып, 2022 жылдың мамыр айынан бастап «Қолжетімді спорт» жобасы республикамыздың жеті қаласында іске асырыла бастайды. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Талдықорған, Петропавл, Семей қалалары.
Бұл бағдарлама шеңберінде скандинавиялық жүріс, жүгіру, гимнастика (йога, фитнес), стритворкаут, үстел теннисі, шаңғы жарысы және конькимен жаппай сырғанау спорттары қамтылады, алдағы уақытта республика бойынша барлық өңірлерде жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жобаның басты ерекшелігі, жаттығулардың барлығы халық көптеп жүретін саябақтар мен ашық алаңдарда жүргізіледі.
Сонымен қатар, «Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтардың үлесін» анықтау методикасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Аталған методика бойынша 3 жасқа дейінгі және 75 жастан асқан адам саны ескерілмейтін болады.
Спорттық пирамиданың жүйесіндегі басты кезең – балалар-жасөспірімдер спорт мектептері.
Елімізде 481 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Оларда 386 519 спортшы шұғылданады. Барлығы 84 спорт түрі дамытылуда. Оның 45-і жазғы олимпиадалық, 12-сі қысқы олимпиадалық, 17-сі олимпиадалық емес, 10-ы ұлттық спорт түрлері.
481 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 367-сінің жеке базасы болса, 114-і немесе 24 %-ы спорттық базаларды жалға алып отыр. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бюджетінің қомақты бөлігі спорт базаларын жалдауға жұмсалады. Мысалы, Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бюджетінің 19,9 пайызы (544 млн теңге), Қарағанды облысында 622 млн теңгені жалға төлейді. Басқа өңірлерде де мұндай проблемалар аз емес.
Спорт мектептеріндегі көптен бері шешілмеген проблема оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға бөлінетін қаржының тым аздығы. Мысалы, Ақмола облысында 29 балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. Бұл мектептердің жалпы бюджеті 4,5 млрд теңге. Соның 2,7 миллиарды (60 пайыз) қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы 27 спорт мектептерінің бюджеті 3 млрд 100 млн теңгені құраса, соның 2,4 миллиард теңгесі (77 пайыз) жалақыға кетеді. Бұған жоғарыдағы ғимарат жалдау шығынын қоссаңыз, БЖСМ-дердегі спортшылар оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қалай барады деген сауал туады. Нақтырақ айтсақ, спорттық шараларға бюджеттің 10-15 пайызы ғана тиеді екен.
Осы орайда, спорттық мектептердегі басымды спорт түрлерінің санын арттыра отырып, оқу-жаттығу жиындарына және спорттық жарыстарға арналған қаржы көлемін арттыру қажет.
Спорттық пирамиданың жүйесіндегі спортшыларды дайындаудың келесі кезеңі – облыстық және республикалық мектеп-интернат-колледждер. Аймақтарда 13 спорт интернаттары мен колледждер бар. Онда 37 спорт түрінен 3975 спортшы оқиды.
Мектеп-интернат-колледждердің бәріне ортақ өзекті проблема: күніне екі жаттығу жасайтын спортшылардың оқу бағдарламасында аптасына үш сағаттық дене шынықтыру сабағы бар. Сабақ пен жаттығу арасы өте тығыз. Спортшылар таңғы және кешкі жаттығу арасында демалып үлгермейді, бұл ағзаның қалыпқа келуін қиындатады. Мысалы, Қазақстанның барлық интернаттарында бірінші жаттығу таңғы сағат 7.30-да басталып кестеге сәйкес кешкі сағат 21.00-ге дейін бос болмайды. Сол себепті түскі уақытта демалыс сағаты қарастырылуы қажет.
Тағы бір проблема, интернаттарда спортшылар саны мен спорт түрлері шамадан тыс көп. Көп жерлерде спорт базасының мүмкіндігі мүлде ескерілмеген. Мысалы, Алматы облысының интернат ғимараты шамамен 200-220 адамға есептелген, алайда онда 403 спортшы оқиды. Алматы қаласындағы шамамен 200-дей адамға арналған интернатта 291 спортшы бар. Осының салдарынан оқу мен жаттығу сапасы төмен болып отыр. Мұндай жағдай республикалық мектеп-интернат-колледждерге де тән. Сондықтан республикалық және аймақтық спорт интернат-колледждердің спортшылар саны мен спорт түрлерін базаға лайықтап, оңтайландыру қажет. Және үш сағаттық дене шынықтыру сабағын оқу бағдарламасынан алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Президенттің тапсырмасына орай, алдағы уақытта Атырауда республикалық, ал Ақтау мен Қостанайда облыстық мектеп-интернат-колледж ашылады. Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысында мектеп-интернат-колледждің екінші жатақханасы салынып, қолданысқа беріледі.
Елімізде 25 облыстық және қалалық Жоғары спорт шеберлігі мектебі (ШВСМ) жұмыс жасайды. Оларда 5 705 спортшы тіркелген. 25 облыстық және қалалық ШВСМ-дерде барлығы 92 спорт түрі дамытылса, оның 44-і олимпиадалық, қалғаны олимпиадалық емес. Мысалы, Атырау облысының ШВСМ-інде 21 спорт түрі дамытылса, оның 4-еуі ғана олимпиадалық, 17-сі олимпиадалық емес. Нәтижесінде Токио Олимпиадасына Атырау облысы 1 ғана лицензияға қол жеткізді.
Бұл жерде тағы атап өтетін өңір, Ақмола облысы соңғы екі жазғы Олимпиадаларға бірде-бір лицензия алмады.
Осы мекемелерге қатысты жүргізген талдау, бірқатар өзекті мәселелердің басын ашып берді. ШВСМ құрамында 5-6 жыл бұрын қол жеткізген спорттық атағы бар спортшы емес, бүгінгі күні бабындағы спортшылар болуы қажет. Қазіргі ШВСМ-дердің контингент құрамында спортты қойып кеткен көптеген спортшылар жылдар бойы тіркеуде тұрады. Соның есебінен кейбір бапкерлер жұмыс істемей жалақы алады. Бір спортшы бірнеше мектепте тіркелген жағдайларды жақсы білеміз...
Әуелде олимпиадалық спорт түрлеріне деп ашылған ШВСМ-дарда бүгін күні олимпиадалық емес спорт түрлеріне басымдылық берілуде. Бұның бірде-бір себебі, жалақыға қосымша үстемақы, яғни «надбавкаға» қол жеткізу. Үкіметтің № 1193 Қаулысына сәйкес, спортшының жетістігіне қарай, жаттықтырушыдан бастап, мекеме директорына дейін әр медаль үшін арнайы кестеге сәйкес, қосымша үстемақылар айқындалады. Спорт саласындағы әр маман олимпиадалық спорт түрінен гөрі олимпиадалық емес спорт түрінен медальге қол жеткізу «оңай» және «тез» екенін біледі.
Осыған орай, Комитет алдағы уақытта Үкіметтің № 1193 Қаулысына қажетті өзгерістер енгізіп, олимпиадалық емес спорт түрлеріне берілетін үстемақыларды қайта қарастырады.
Одан бөлек, дарынды спортшының нәтижесі үшін алып отырған үстемақыдан айырылмау мақсатында, спортшыны пирамидаға сәйкес келесі мекемеге ауыстырмай, жылдар бойы тіркеп ұстай беретін фактілер көп. Сол себепті, пирамида бойынша жоғары орналасқан мекемеге спортшыны дайындап бергені үшін қосымша үстемақы беру тетігі жасалады.
Тағы бір өзекті мәселе, спортшыларымызды дайындау барысында оқу-жаттығу жиындары мамандандырылған спорттық базаларда, арнайы климаттық жағдайларда ұйымдастырылмай отыр. Ұлттық құрама мүшелерімен бірлесе ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындары мен республикалық чемпионаттарға қатысатын спортшыларды жалдамалы пәтерлерге жатқызу фактілері әлі де бар.
Норвегия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей тәжірибелерін сараптай келе, ұлттық құрама команда мүшелерінің және спорттық резервтің шеберлігін әрі қарай жетілдіру мақсатында биылдан бастап Министрлікке қарасты «Республикалық спорт колледжі» «Олимпиадалық спорт түрлері академиясы» оқу-жаттығу орталығы болып қайта құрылады. Олимпиадалық басым спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларға арналған академия бастапқы кезеңде еркін, әйелдер және грек-рим күрестері, дзюдо, бокс, велошоссе, ауыр атлетика, жүзу спорт түрлері бойынша жұмыс жүргізеді.
Құрметті әріптестер! Олимпиада ойындарында нәтижелерімізді жақсарту үшін спортқа деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Ұлттық құрама командаларға жасалған жағдай облыстық құрама командаларға да жасалуы керек деп санаймыз. Сол себепті, ШВСМ-дерді Спортты дамыту дирекциясы етіп қайта құру бойынша жұмысты қолға алу керек. Спортты дамыту дирекциясының құрылуы алдағы уақытта мындай мүмкіндіктер береді:
- облыстық құрама командаларды дұрыс жасақтауға;
- спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға жүйелі түрде қатысуына;
- барлық жас ерекшеліктері бойынша аға жаттықтырушылардың жауапкершіліктері заңдастырылады;
- өңірлердегі Дене шынықтыру және спорт басқармаларының жұмысын жеңілдетіп, жалпы спорт саласындағы саясатты жүргізуге, спорттық мекемелердің қызметін сапалы үйлестіруге;
- Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында болған жемқорлық жағдайларын болдырмауға мүмкіндіктер береді.
Бүгінгі таңда елімізде 170-ке жуық спорт түрі бар. Бұлардың барлығы Қазақстанның спорттық әлеуетін тиісті деңгейде көтеріп жүр ме? Саны бар, сапасы жоқ федерациялар көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Мысалы, бір ғана каратэ спортынан елімізде 20-дан астам федерация тіркелген екен. Ал республика бойынша әр спорт түрінен Министрлік пен Ұлттық Олимпиада комитеті мойындаған бір ғана федерация жұмыс істеуі керек. Федерацияларды тіркеу ережесі мен талабын күшейту қажет. Ол үшін «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға федерациялар туралы толықтырулар мен өзгерістер енгіземіз.
Бұған дейін спортты қаржыландыру ранжирования бойынша жүрді. Мысалы, 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «А» тобындағы шайбалы хоккей спортына 642 млн.теңге ақша бөлінсе, дәл сол «А» тобындағы биатлон спортына 7,8 млн.теңге, шаңғы спортына 7,5 млн.теңге ғана қарастырылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби клубтарға бюджет тарапынан бөлінетін қаржыландыруды азайту тапсырмасын орындау мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың хаттамасымен «лимиттер» айқындалған болатын.
Құрметті Дәурен Әскербекұлы, өкінішке орай, Президенттің нақты тапсырмасына қарамастан, өңірлер, әр түрлі айла-тәсілдермен кәсіби клубтарға бюджет тарапынан әлі күнге дейін «лимиттен» артық қаржы бөлуде.
Мұндай фактілер барлық өңірлерде бар. Осы жағдайларды ескере келе, басымды спорт түрлерін анықтау жүйесін қайта қарау қажет.
Жоғары жетістіктер спортын дамытуда, Ұлыбритания мен Австралияның тәжірибесін қолданған дұрыс. Бұл екі мемлекет көп спорт түріне шашылмай, басым спорт түрлерін дамытуға көшті. Мысалы, Ұлыбритания құрамасы 1996 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында командалық есепте 36-орында қалды. Шұғыл әрі тиімді реформаның арқасында Ұлыбритания 2000 жылғы Олимпиада ойындарында 11 алтын медальмен командалық 10-орынға көтерілді. Мұның негізгі себебі: басым спорт түрлерінен кадрларды дұрыс таңдап, ғылымға арқа сүйеуі. Соның арқасында Ұлыбритания 2012 жылғы Олимпиада ойындарында командалық үшінші, 2016 жылғы Рио олимпиадасында екінші орынға ие болды.
Құрметті Дәурен Әскербекұлы! Сіздің тапсырмаңызбен соңғы 10 жыл ішінде өткен Олимпиада, Азия ойындарында ұлттық құрама командалардың жетістіктерін ескере отырып, басым спорт түрлерінің тізімін үкіметтік деңгейде бекітуді ұсынамыз. Осы мақсатта республикадағы басым жазғы және қысқы спорт түрлерін анықтадық.
|
№ |
Спорт түрлері |
Алтын |
Күміс |
Қола |
Барлығы |
|
1 |
Бокс (ерлер) |
3 |
3 |
5 |
11 |
|
2 |
Ауыр атлетика |
1 |
2 |
6 |
9 |
|
3 |
Жеңіл атлетика |
1 |
1 |
1 |
3 |
|
4 |
Жүзу |
1 |
|
|
1 |
|
5 |
Велоспорт (тас жол) |
1 |
|
|
1 |
|
6 |
Дзюдо |
|
2 |
2 |
4 |
|
7 |
Әйелдер күресі |
|
1 |
4 |
5 |
|
8 |
Грек-рим күресі |
|
1 |
1 |
2 |
|
9 |
Еркін күрес |
|
|
4 |
4 |
|
10 |
Бокс (әйелдер) |
|
|
2 |
2 |
|
11 |
Таеквондо |
|
|
1 |
1 |
|
12 |
Биатлон |
|
1 |
|
1 |
|
13 |
Мәнерлеп сырғанау |
|
|
1 |
1 |
|
14 |
Фристайл |
|
|
1 |
1 |
|
15 |
Шаңғы жарысы |
|
|
|
|
|
|
|
7 |
10 |
26 |
43 |
|
|
|
|
|
|
|
Аталған тізім бойынша алдағы уақытта өңірлердің жұмысын бағалау жүйесі әзірленеді. Ендігі жерде спорт ғалымдары мен білікті мамандарды осы спорт түрлеріне шоғырландыру керек. Өзіне сенімді, нәтижесі бар бапкерлерді жан-жақты қолдауға тиіспіз. Және аймақтарда осы спорт түрлерінің қарқынды дамуына жол ашылса дейміз. Аймақтар ұсынылған спорт түрлерін дамытуды бастамас бұрын білікті кадрларын, ғалымдарын және базаларын анықтап барып, іске кірісу керек.
Дәурен Әскербекұлы, Сіздің тапсырмаңызға орай, спортшыларымыздың Токиодағы жазғы және Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктерін талдай келе, бұрын жіберілген кемшіліктерді ескере отырып, Париж-2024, Милан-2026 Олимпиада ойындарына дайындық бағдарламалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жүзу және шаңғы спортын дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама әзірленуде.
Көпшіліктің назарын жиі аударған проблеманың бірі – допинг мәселесі. Мысалы, 2021 жылы жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен 2318 тест өткізілді. Сегіз спорт түрі бойынша 18 «оң» нәтиже анықталды (ауыр атлетика - 2, жеңіл атлетика - 6, велоспорт – 3, байдарка мен каноэ – 2, күрес – 1, регби -2, биатлон – 1, жүзу – 1). Қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен оң нәтиже жоқ. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 157 тест өткізіліп, үш спорт түрінен 9 «оң» нәтиже анықталды (қол күресі – 5, джиу-джитсу – 3, самбо - 1).
Негізгі себептерінің бірі – спорттық тамақтану болып табылады. Өкінішке орай, бұл Спорттық медицина және оңалту орталығының кемшілігі. Сол себепті, Комитет алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу мақсатында аталған орталық бойынша келесі жұмыстарды күшейтетін болады:
Құрметті Дәурен Әскербекұлы, 1994 жылдан бері өзгеріссіз келген ұлттық құраманың штаттық санын 1000 бірліктен 3000 бірлікке жеткізгеніңіз үшін Өзімнің және әріптестерімнің атынан өзіңізге ерекше алғыс білдіремін.
1994 жылы 60 спорт түріне деп айқындалған 1000 штаттық бірлік, қазіргі күні спорт түрлерінің саны 170-ке жетсе де 28 жыл бойы өзгермеген.
Сонымен қатар, Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және жаттықтырушыларына өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру 24 МРП-дан 100 МРП-ға дейін көтерілді.
Спортшыларымыздың халықаралық додаларға сапалы дайындық жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында үкіметтен ұлтық құрама командаларға құрал-жабдықтар алу үшін қосымша тағы 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінетінін ерекше атап өткен жөн.
Елімізде дене шынықтыру мен спорт саласына оң өзгерістер енгізу, жетілдіру жұмысын баршамыз бірге сәтті іске асырамыз деп сенемін.
Назарларыңызға рахмет!