Жиі қойылатын сұрақтар

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың 7 шарасы қолданыста. 2026 жылы мемлекеттік қолдау тетіктеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл өзгерістер нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңына сәйкестендіруге, бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуге, әкімшілік кедергілерді азайтуға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Біріншіден, келу туризмі саласында қызмет көрсететін туроператорлардың әрбір шетелдік турист үшін жұмсаған шығындарын субсидиялау. Субсидия туроператорға қажетті растайтын құжаттарды ұсынған, шетелдік туристің орналастыру орындарында кемінде жеті күн және алты түн болғаны, сондай-ақ оның «e-Hotel» немесе «e-Qonaq» ақпараттық жүйелері арқылы тіркелгені расталған жағдайда төленеді. Субсидия мөлшері әрбір шетелдік турист үшін 15 000 (он бес мың) теңгені құрайды. Өтінімдер 1 желтоқсанға дейін қабылданады.

Екіншіден, Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау кезінде туристік өнім құрамына кіретін әуе билетінің құнын субсидиялау (Kids Go Free бағдарламасы). Субсидия ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператордан сатып алынған туристік өнім құрамындағы кәмелетке толмаған жолаушының әуе билетіне төленеді. Туроператорға баланың әуе билетінің құны 100% мөлшерінде өтеледі. Бұл ретте туристік өнім баланың эконом-класпен екі бағытқа ұшуын және қонақүйде кемінде екі түн орналастырылуын қамтуы тиіс. Сонымен қатар туристік өнімнің төленгенін және баламен бірге жүретін адамның туыстық байланысын растайтын құжаттарды ұсыну міндетті.

Үшіншіден, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу:

1. Аспалы жолдар мен көтергіштер (траволаторлар (ленталы көтергіштер), бугельді көтергіштер, креслолы аспалы жолдар, кабиналы гондолалы аспалы жолдар, құрамдастырылған аспалы жолдар (кабина мен кресло), балаларға арналған тірексіз көтергіштер (бейби-лифт).
2. Шаңғы трассаларын жасанды қармен жабдықтау жүйелері (жылжымалы және стационарлық қар генераторлары, қар бүріккіш құрылғылар мен зеңбіректер).
3. Қарды нығыздауға арналған техника (ратрактар).

Өтемақы мөлшері тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника құнының 25%-ын құрайды. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы мөлшері сақталған. Сонымен қатар құжаттарға қойылатын талаптар мен өтінімдерді қарау тәртібі нақтыланды.

Төртіншіден, жол бойындағы сервис нысандарын салуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу. Шығындары өтелетін жол бойындағы сервис нысандарына автомобиль жолдарының бойында орналасқан ғимараттар мен құрылыстар (мотельдер, қонақүйлер, кемпингтер, техникалық қызмет көрсету станциялары, жанармай құю станциялары, тамақтану, сауда, байланыс және медициналық көмек көрсету орындары, сыртқы (көрнекі) жарнама нысандары және басқа да қызмет көрсету нысандары) жатады. Өтемақы мөлшері жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына жүргізілген сараптама қорытындысында көрсетілген құрылыс құнының 10%-ын құрайды. Мемлекеттік қолдау тетігін жетілдіру аясында құжаттарға қойылатын талаптар мен өтінімдерді қарау тәртібі нақтыланды.

Бесіншіден, санитариялық-гигиеналық тораптарды (бұдан әрі – СГТ) күтіп-ұстауға арналған шығындарды субсидиялау. Қағидаларға сәйкес, СГТ – туристер жиі баратын аумақтарда және (немесе) оларға апаратын автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан немесе жол бойындағы сервис нысанының құрамына кіретін, санитариялық-гигиеналық қажеттіліктерге арналған абаттандырылған жеке тұрған тұрақты немесе жылжымалы құрылысжай. Мұндай нысандарда ерлер мен әйелдерге арналған бөлек кабиналар, мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайлар, унитаздар, қолжуғыштар, желдету және жарықтандыру жүйелері, сондай-ақ жеке гигиена құралдары болуы тиіс. СГТ-ның санитариялық жағдайын тиісті деңгейде ұстау үшін ай сайын 83 300 теңге субсидия бөлінеді. 2026 жылы субсидияланатын шығындардың нақты тізбесі айқындалып, нысандардың пайдаланылуына бақылау күшейтілді. Олардың жай-күйін фото және бейнетіркеу, сондай-ақ тұрақты мониторинг жүргізу көзделген.

Алтыншыдан, кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет нысандарын салуға және реконструкциялауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу. Шығындары ішінара өтелетін нысандарға туристік инфрақұрылым объектілері, оның ішінде туристерді орналастыру орындары мен визит-орталықтар жатады. Өтемақы мөлшері жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына жүргізілген сараптама қорытындысында көрсетілген туристік қызмет нысандарын салу және (немесе) реконструкциялау шығындарының 10%-ын құрайды. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы мөлшері сақталған. Сонымен қатар құжаттарға қойылатын талаптар мен өтінімдерді қарау тәртібі нақтыланды.

Жетіншіден, туристік қызметпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің жүргізуші орнын есептемегенде, сегізден астам жолаушыға арналған отыратын орны бар автокөлік құралдарын сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу. Бұл мемлекеттік қолдау шарасын Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңына сәйкес туристік қызметпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері пайдалана алады. Бұл ретте сатып алынған автокөлік құралын 5 жыл ішінде мақсатсыз пайдалануға немесе иеліктен шығаруға жол берілмейді. Өтемақы мөлшері автокөлік құнының 25%-ын құрайды. Мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы мөлшері сақталған. Сонымен қатар құжаттарға қойылатын талаптар мен өтінімдерді қарау тәртібі нақтыланды.

Аталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, туристік инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлік субъектілерінің туристік өнімдерін ілгерілету жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ішкі және шетелдік туристер ағынының артуына ықпал етеді.