Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы

2022 жылғы 4 ақпанда Балқаш қаласының әкімі О.К.Таурбековтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның (ҚҮК) отырысы өтті. Отырыс барысында қаланың 9 кәсіпорындары жұмыскерлерінің жалақысын арттыру және "Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)" ЖШС,  "Балқаштүстімет"ӨБ жұмыскерлері талаптарының орындалу барысы қарастырылды.

Кәсіпорын басшыларының мәліметтері бойынша, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап "Балқаш қаласы Tranco Express" ЖШС филиалы жұмыскерлерінің жалақысы 30%-ға, "Жезқазған электржелілік тарату Компаниясы" АҚ "Балқашэлектржелісі" филиалы жұмыскерлерінің жалақысы 26%-ға, "Балқаш қаласының орталық ауруханасы" КМК жұмыскерлерінің жалақысы 25%-ға, "Серіктес "авариялық-құтқару қызметі" ЖШС қызметкерлерінің жалақысы 14%-ға өсті. Ағымдағы жылдың ішінде "Tranco Balkhash" ЖШС (Транко Балқаш) жұмыскерлерінің жалақысын 30%-ға, "Балхаш универсал" ЖШС-нің 20%-ға, "Балхаш Промтехстрой" ЖШС-нің 10-15%-ға арттыру жоспарлануда. Митингте қойылған жұмыскерлердің талаптарын орындау бойынша "Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)" ЖШС басшылығы талаптардың барлық тармақтары бойынша келісімге қол жеткізілгенін және нәтижелері еңбек ұжымдарымен бетпе-бет кездесулерде айтылғанын хабарлады. 1- қаңтардан бастап кәсіпорын жұмыскерлерінің  жалақысы 30% - ға, ал ыстық цех жұмысшыларының жалақысы орта есеппен 43%- ға өсті. Кәсіпорын жұмыскерлерін тегін санаторлық-курорттық емдеу жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымдарының қаражаты есебінен ұйымдастырылып, мәселе оң шешімін тапты. Сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайлардағы өндірісте еңбек ететін және ауыр сырқаты бар жұмыскерлерді емдеу мен оңалтуға жұмсалған шығындар өтелетін болады.

Ағымдық жылдың 1- қаңтарынан бастап "Балқаштүстімет"ӨБ жұмыскерлерінің де еңбекақысы орта есеппен 38%-ға артты. Кәсіпорын басшылығы өндірістің зиянды және қауіпті жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерді емдеу шығындары сомасын бір жұмыскерге 400 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады (бұрын шығындар жылына 150 мың теңгені құраған).

Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселесі пысықталуда және кәсіпорын басшылығының бақылауында.

Шешімі Қазақстан Республикасы заңнамаларына өзгерістер енгізуді қажет ететін талаптардың тармақтары бойынша жоғары тұрған уәкілетті органдарға тиісті хаттар жолданды.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау нәтижелері бойынша кәсіпорын басшыларына қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бойынша өздеріне алған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар берілді.

Комиссия мүшелері ҚҮК келесі отырысының күн тәртібіне жастарды қала кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру туралы мәселені енгізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.