ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес
Солтүстік Қазақстан облысында Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қызметі арқылы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы байланысты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде (Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 23 қыркүйектегі № 240 қаулысымен құрылған).
Кеңестің жалпы құрамы 17 адамнан тұрады. Оның 10-ы мемлекеттік қызметшілер, ал 7-еуі азаматтық қоғам өкілдері. Кеңес құрамындағы үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің үлесі 41%-ды құрайды. Бұл шешімдер қабылдау кезінде азаматтық сектордың ұстанымын ескеруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 1 тамыздағы № 337-НҚ бұйрығымен бекітілген Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, кадрлық өзгерістерге байланысты қазіргі уақытта Кеңес құрамын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрамындағы азаматтық қоғам өкілдерінің үлесін 60–70%-ға дейін арттыру көзделген.
ҮЕҰ қызметін жандандыру мақсатында Кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, оған сәйкес жоспарланған іс-шаралар өткізілді.
Кеңес туралы ережеге сәйкес, оның отырыстары тоқсан сайын өткізіледі.
Ағымдағы жылдың басынан бері 2 отырыс өткізіліп, онда 8 мәселе қаралды. Атап айтқанда, ішкі саясат және білім беру салаларындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы, ҮЕҰ қызметін цифрландыру, қоғамдық келісім мен этносаралық өзара іс-қимылды нығайту, ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен және жұртшылықпен өзара іс-қимылының сапасын арттыру мәселелері талқыланды (2025 жылы жоспарға сәйкес 4 отырыс және жыл басында жоспардан тыс 1 отырыс өткізіліп, барлығы 18 мәселе қаралды).
Сонымен қатар жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын іске асыру нәтижелерін бағалау жөніндегі сараптамалық кеңестің құрамы да бекітілді.
Кеңес отырыстарының қорытындысы бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.
Кеңестің қызметі мен оның мүшелері әзірлеген ұсынымдарды іске асыру нәтижесінде ағымдағы жылы азаматтық қоғамды дамыту саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Жалпы, 2026 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстың үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп 134 жобаны іске асыру жоспарланған (2025 жылы 126 жоба жүзеге асырылды).
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобаларды аудан әкімдіктері мен Петропавл қаласының әкімдігі, сондай-ақ облыс әкімдігінің бейінді басқармалары — ішкі саясат, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру, табиғи ресурстар, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және денсаулық сақтау басқармалары жоспарлайды.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде бірқатар басым міндеттерді шешуге бағытталған әлеуметтік нәтижелерге қол жеткізу көзделген. Олардың қатарында азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу бағытындағы 18 жоба; халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға арналған 13 жоба; азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы 18 жоба; қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға арналған 15 жоба; пробация қызметтеріне жәрдемдесуге бағытталған 14 жоба және басқа да бастамалар бар.
Ағымдағы жылы бірқатар ірі іс-шара өткізілді. Олардың қатарында «EcoFest Imantau-Shalkar 2026» экологиялық фестивалі, «Green Time» және «Clear-FEST» спорттық-экологиялық марафондары, «Birgemiz Fest» волонтерлік фестивалі, «Digital North» жастар форумы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі, жастар арасында киберспорт пен цифрлық құзыреттерді дамытуға арналған іс-шаралар, сондай-ақ Counter-Strike 2 ойыны бойынша өңірлік турнир бар.
Кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде 2026 жылы волонтерлік жобаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Бұл Халықаралық волонтерлердің жылы аясында жаңа бастамаларды іске асыруға және аудандық волонтерлік орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді.
Кеңестің ұсынымдарына сәйкес, ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде алғаш рет дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыруға қаржы қарастырылды.
Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, екінші жыл қатарынан нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында да жобаны іске асыру көзделген.
Өңірдің үкіметтік емес ұйымдары, оның ішінде «Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жас Отан» Солтүстік Қазақстан облыстық қоры, «АРДОС-Жүрек» заңды тұлғалар бірлестігі, «СҚО әйелдер күштерінің альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «The Last Hope» қоғамдық бірлестігі, «Рух Тіл Жаңғыру» қоғамдық бірлестігі, «Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар» халықаралық жастар ұйымы, «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» Солтүстік Қазақстан облыстық қоры, «Демеу» үйлестіру орталығы, «Көмек қасыңда» волонтерлік қозғалысы, «Мамлют жастары» халықаралық жастар ұйымы, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыруға және ілгерілетуге белсенді қатысуда.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі және «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат құқықтық мәдениетті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастармен бірлескен жұмысты ұйымдастыруға бағытталған.
Сонымен қатар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша облыстық прокуратурамен және Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментімен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда.
28 қазан 2026
28 қазан 2026