Азаматтық қоғам
Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Солтүстік Қазақстан облысының азаматтық қоғамының маңызды институттарының бірі болып табылады. Олар әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге, қоғамдық бастамаларды дамытуға, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы әріптестікті нығайтуға елеулі үлес қосады.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста 475 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 86-сы облыс аудандарында орналасқан.
ҮЕҰ қызметінің негізгі бағыттарына жастар мен балалар бастамаларын қолдау, білім беру, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоршаған ортаны сақтау жатады.
Мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдарға ұйымдастырушылық-техникалық, құқықтық және консультациялық-әдістемелік қолдау көрсетеді.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырылатын жобалардың тақырыптары өңірдің өзекті қажеттіліктері мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырылады.
2026 жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 134 жобаны іске асыру көзделген. Оның 17-сі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы арқылы жүзеге асырылады. (2025 жылы 126 жоба іске асырылған). Басқармаға қарасты барлық жобалар қазіргі уақытта іске асырылу сатысында.
Жобалар әлеуметтік маңызы бар көптеген бағытты қамтиды. Атап айтқанда, денсаулықты сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу бағытында – 18 жоба; халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау бағытында – 13 жоба; азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында – 18 жоба; қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында – 15 жоба; сондай-ақ пробация қызметтеріне жәрдемдесу бағытында 14 жоба жүзеге асырылуда.
Облыстың үкіметтік емес ұйымдары халықтың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға, экологиялық ахуалды жақсартуға, кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және басқа да әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған жұмыстар атқаруда.
Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде де, одан тыс та түрлі форматтағы іс-шаралар, семинарлар мен қайырымдылық кештерін тұрақты түрде ұйымдастырады. Сонымен қатар өткізілген іс-шаралар туралы ақпаратты әлеуметтік желілерінде (Instagram және Facebook) кеңінен жариялап отырады.
Облыста белсенді жұмыс істеп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың қатарында «Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Жас Отан» Солтүстік Қазақстан облыстық қоры, «АРДОС-Жүрек» заңды тұлғалар бірлестігі, «СҚО әйелдер күштерінің альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «The Last Hope» қоғамдық бірлестігі, «Рух Тіл Жаңғыру» қоғамдық бірлестігі, «Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар» халықаралық жастар ұйымы, «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» Солтүстік Қазақстан облыстық қоры, «Демеу» үйлестіру орталығы, «Көмек қасыңда» волонтерлік қозғалысы, «Мамлют жастары» халықаралық жастар ұйымы және басқа да ұйымдар бар.
2026 жылы өткізілген маңызды іс-шаралардың қатарында «EcoFest Imantau-Shalkar 2026» экологиялық фестивалі, «Green Time» және «Clear-FEST» спорттық-экологиялық марафондары, «Birgemiz Fest» волонтерлік фестивалі, «Digital North» жастар форумы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі, сондай-ақ жастар арасында киберспорт пен цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған іс-шаралар, оның ішінде Counter-Strike 2 ойыны бойынша өңірлік турнир бар.
Мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдар арасындағы сындарлы диалогты дамыту мақсатында Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Кеңес құрамындағы ҮЕҰ өкілдерінің үлесі 40%-ды құрайды. Кеңес отырыстары тоқсан сайын өткізіледі.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимыл қоғамдық бастамалардың дамуына, азаматтардың өңір үшін өзекті мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюіне және азаматтық қоғамның нығаюына ықпал етеді.
28 қазан 2026
28 қазан 2026