Үй жануарларын серуендету кезінде

Жарияланған күні: 01 тамыз 2024

Үй жануарларын серуендету кезінде иелері мен жауапты адамдар мынадай талаптарды сақтау қажет (ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын қоспағанда):

1) қоғамдық орындарда иттің қарғыбауы 2 (екі) метрден аспауы керек;

2) итті тасымалдау кезінде, адамдар көп жиналатын жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген орындарда тұмылдырық кигізіледі;

3) магистральдар маңындағы көшелер арқылы өту кезінде жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жолдың жүретін бөлігінде оның өлуіне жол бермеу үшін үй жануарларына 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбау тағылады;

4) иттің иесі ғимарат ішінде болған уақытта итті сол ғимараттың жанында өздігінен шешіліп кетпейтін 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен тұмылдырық кигізіп байлаулы қалдыра алады;

5) иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам айналасындағыларға қауіп төндірмей, аумақты итке тұмылдырық кигізіп, 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен кесіп өтуіне болады;

6) иттерді еркін серуендетуге арнайы бөлінген аумақтарда, алаңда еркін серуендетуге рұқсат етіледі.

Иттерді серуендетуге тыйым салынатын орындар тиісті белгімен белгіленуі тиіс.

Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген және полиция органдары (учаскелік инспектор) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 407-2-бабы бойынша жануар иесіне айыппұл салуға құқылы.