Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook парақшасында ТЖ кезінде табысын жоғалтқандарға жәрдемақы төлеу жөнінде түсініктемелер берді

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Facebook парақшасында ТЖ кезінде табысын жоғалтқандарға жәрдемақы төлеу жөнінде түсініктемелер берді

Құрметті достар, ТЖ кезінде табысын жоғалтқандарға жәрдемақы (42500 теңге) төлеу  жөнінде кейбір қойылып жатқан сұрақтарға түсініктеме бергім келеді.

42500 төлемі бойынша.

42500 теңге бір рет тағайындалады және ай сайын төленеді. Мысалы, ТЖ режимі айдың соңына дейін ұзартылды, демек, кімде-кімге 42500 теңге тағайындалған болса,онда олар оны 15 сәуірден кейін де ала алады. Бұл ретте, қайта өтініш беру қажет болмайды. Біз төлеу мерзімін автоматты түрде ұзартамыз.

Осы төлем ай сайын толық мөлшерде төленеді. Яғни, қалған күндерге ғана есептелмейді. Мысалы, егер 14 сәуірде тағайындалған болса (яғни ТЖ бірінші айының аяқталуына бір күн қалғанда), онда оған 42500 теңге сомасы толық мөлшерде төленеді.

42500 теңге төлемінен жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары және тағы басқа аударымдар ұсталмайды. Сондай-ақ, банктер мен ұйымдарға аталған сомадан борыштарды (несиелер, коммуналдық төлемдер және т.б. үшін) өндіріп алуға тыйым салынады.

42500 теңгеден БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарының ұсталмауына қарамастан, осы айлар болашақта базалық және ынтымақ зейнетақылар тағайындау кезінде жұмыс өтілі ретінде ескеріледі, ал осы айлардағы кірісін кез-келген ыңғайлы айдағы табыстарға ауыстыра алады.

42500 теңге төлемі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде табыс құрамына есепке алынбайды.

Зейнеткерлер мен мемлекеттік жәрдемақы алушылар бойынша.

Зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақылар ай сайын төленеді. 1 сәуірден бастап мөлшерлерді индекстей отырып, одан әрі де толық көлемде төленетін болады. Елімізде 4 млн. астам адам жылына 3,5 триллион теңге сомасына зейнетақы мен жәрдемақы алады. Сондықтан осы санаттағы адамдарға табысынан айырылуына байланысты берілетін 42500 теңге мөлшерінде төлем қарастырылмаған.

Алайда, егер зейнеткер, мүгедектігі бар адам және басқа да мемлекеттік жәрдемақы алушы ТЖ жарияланғанға ДЕЙІН, яғни 16 наурызға дейін ресми түрде жұмыс істесе (жалдамалы қызметкер, ЖК немесе БЖТ төлеуші болса), онда табысынан айырылуы ТЖ енгізілуіне байланысты болған жағдайда ғана  ол 42500 теңге алуға үміткер бола алады. Бұл туралы ол өз өтінішінде  көрсетуі тиіс.

Ал егер зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алушы ТЖ дейін  ресми түрде ЖҰМЫС ІСТЕМЕСЕ, онда ТЖ жарияланғаннан кейін, яғни 16 наурыздан кейін, оларға 42500 теңге тағайындалмайды. Сондықтан БЖТ төлеуге және өтініш бермей-ақ қойса болады. 

Заң бойынша зейнеткерлер МӘСҚ-қа (42500 теңге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді) әлеуметтік аударымдар төлеуден босатылатындықтан, заңгерлер ТЖ енгізілгенге дейін ресми жұмыс істеген зейнеткерлер табысынан айырылуына байланысты берілетін 42500 теңгені ала алмайтынын ескертеді. 

Біз оны білеміз.

Әңгіменің не туралы болып жатқанын түсіндірейін. Адам БЖТ төлеген кезде, оның сомасы (2651 теңге) әрі қарай төрт төлемге (бюджетке төленетін жеке табыс салығы (ЖТС), МӘСҚ төленетін әлеуметтік аударымдар, БЖЗҚ төленетін зейнетақы және ӘМСҚ төленетін медициналық сақтандыру жарналары) бөлінеді. Заң бойынша зейнеткерлер МӘСҚ (сондай-ақ, БЖЗҚ мен ӘМСҚ төлемдерінен де) төленетін әлеуметтік аударымдардан босатылған болса, онда БЖТ-ның барлық сомасы бюджетке төленетін ЖТС еншісіне кетеді.

Бірақ зейнеткерлер үшін ерекшелік (атап айтқанда, 42500 теңгені төлеу бойынша) бар, осылайша, біз МӘСҚ-қа аударымдардың келіп түспегеніне қарамастан,  олардың БЖТ төленгенін ТЖ енгізгенге ДЕЙІН оның ресми жұмыс (қызмет) істеу фактісін растайтынын мойындаймыз. Басқа да төлемдер және басқа да мемлекеттік жәрдемақы алушылар бойынша жағдай ұқсас келеді.

Студенттер бойынша.

42500 теңгені тағайындау үшін жекелеген «стеденттер» санаты жоқ. Олар кәмелетке толған азаматтар. Оқудан тыс уақытта олардың жұмыс істеуіне немесе қосымша табыс табуына тыйым салынбаған. Көптеген студенттер осылай жасайды. Көбі бейресми жұмыс істейді немесе қосымша табыс табады. Сондықтан, олар жалпы негізде әлеуметтік төлем ала алады. ЕГЕР олар жұмыс істеп, ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылған болса, онда өздері (барлық адамдармен қатар) өтінім (белгі қояды) ресімдеу кезінде жұмыс істегенін растайды және осы мәліметтердің дұрыстығы үшін жауапты болады.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері бойынша.

ТЖ жағдайында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметі шектелмеген. Қызметкерлердің көпшілігі қашықтан жұмыс істейді, ал жекелеген мемлекеттік қызметкерлер жалақы сақталмайтын демалысқа өздерінің қалауы бойынша ғана жіберілді.

Мемлекеттік қызметкерлерге заң бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған (бұл үшін жауапкершілік қарастырылған), осыған байланысты, 42500 теңге төлем алу үшін әрекеттенуге де тұрмайды. Өкінішке орай, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ондаған мың қызметкері өтініш беріп, 42500 теңге алуға тырысқан. Олардың өтініштері қабылданбады.

Ұлттық компаниялар да осындай тәртіпті ұстанғаны жөн.

Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) бойынша.

Бейресми жұмыс істеген және ТЖ салдарынан табыстарын жоғалтқан азаматтар БЖТ-ны кемінде бір рет төлесе, онда 42500 теңгеге өтініш бере алады. Бұл ретте, егер табысыңыздан ТЖ салдарынан айырылғаныңызды  растайтын болсаңыз, онда алдымен БЖТ төлесеңіз, келесі күні өтініш бере аласыз. 

Егер де Сіз керісінше жасайтын болсаңыз, онда өтінішіңіз түскен кезде БЖТ төлегеніңізді көрмеуіміз мүмкін, тиісінше талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты, өтінішіңіз қаралмауы ықтимал.

Жақында YouTube арнасында бір ер адам бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарға БЖТ-ны бір рет төлеу жеткіліксіз, кеіннен оны ай сайын төлеу керек деп эмоционалды түрде айтқан болатын. Ал егер ай сайын төлемесеңіз, онда сізге берешек пен өсімақы есептелетін де айтқан-ды.

Бұл шындыққа жанаспайды. 42500 теңгені алу үшін ерекше тәртіп қабылданды және оған сәйкес БЖТ-ны бір рет төлеу жеткілікті, ешкім де БЖТ-ның ай сайын төленуін талап етпейді. Ал төтенше жағдай кезінде тағайындалған 42500 теңге ай сайын төленеді. 

Ссылка: https://www.facebook.com/100004392486455/posts/1475841402572262/