ШЫМКЕНТ: МЕРЕКЕ АЯСЫНДАҒЫ АҚ НЕКЕ

Елімізде биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланған болатын. Осыған орай он күнге мерекелік сипат беретін атау беріліп, мереке жаңаша форматта өтір жатыр.
Бүгін Наурызнаманың төртінші күні – «Шаңырақ» күні. Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Жалпы, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.
Шымкенттік Өмірзақ Дінмұхаммед пен Аяулым Бекбосынның бас қосып, шаңырақ құрып жатқан күндері Наурызнаманың дәл осы күніне тура келіп, некелерін қиды. Өздері мұны жақсы ырымға балап отыр.
— Наурыз мерекесі қарсаңында – «Шаңырақ» күнінде некелесіп жатқанымызға қуаныштымыз.Отбасын құру өмірдегі маңызды қадамдардың бірі. Шаңырағымыз шаттыққа толып, дәстүрді жалғаған үлгілі отбасы боламыз деп сенемін. Отау құрған барша жұптарды құттықтап, бақыт тілеймін - деді Дінмұхаммед Айдарұлы.
Айта кетейік, некелесу рәсімі «Amanat hub» креативті орталығында этностильде өтті. Іс-шара соңында жас жұбайлар ұлттық нақышта әсемделген фотозонада естелікке суретке түсті.
«Шымкент келбеті»