ӨЗБЕК ДРАМА ТЕАТРЫНДА «ТОР» ҚОЙЫЛЫМЫ ТҰРҒЫНДАРҒА ҰСЫНЫЛДЫ

Шымкент қаласы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Сайрам тұрғын алабындағы қалалық өзбек драма театрында тағылымды іс-шара өтті. Онда «ТОР» (өзбекше Қафас) деп аталатын театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды.
Театрландырылған көрсетілім түрлі жат ағымдардан аулақ болуға үндейді. Спектакльде әлеуметтік желілердегі шетелдік радикалды уағызшылардың уағызын тыңдап, теріс діни ағымның құрығына түскен азаматтың басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Аталған қойылым болған оқиға желісі бойынша дайындалған.
Іс-шара барысында, Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Р.Абдувахидұлы жиналған тұрғындарға діни ақпараттар мен мәліметтерді алуда сергек болуға, рұқсат етілген дін мамандарының уағыздарын тыңдауға шақырып сөз сөйледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі шет елдік радикалды насихатшылардың уағызынан сақтануға үндейтін арнайы дайындаған бейнеролик тұрғындарға көрсетілді.
Іс-шараға тұрғындар мен колледж студенттері, жалпы саны 350-ден астам көрермен жиналды.