"ІСКЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙТЫН ҮШ ЖЫЛ" Оңалбай Аяшев, ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Тәшенов университеті Директорлар кеңесінің төрағасы

Оңалбай Аяшев, ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Тәшенов университеті Директорлар кеңесінің төрағасы

Оңалбай Аяшев

ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы,

Тәшенов университеті Директорлар кеңесінің төрағасы

ІСКЕРЛІКТІ ШЫҢДАЙТЫН ҮШ ЖЫЛ

 

          Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауы - көптің көкейінде жүрген көптеген сауалға жауап берген, саяси және әлеуметтік маңызы бар стратегиялық құнды жоспар. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Жолдауды және бір қарап, қайталай оқығанда түйгенім, еліміздің жаңару мен жаңғыру жолында, еңсесін тік ұстап, қарқынды адымдап іс-әрекет жасауға толық мүмкіншілігі бар деуге болады. Мемлекетімізде кенжелеп қалған кейбір салаларды түрлендіріп, жетілдіруге бағытталған Жолдауда айтылған Президент тапсырмасы санаға сілкініс сыйлады.

 

Қазба байлықтар кенін тауып, кеңейту тапсырылды

 

          Соның бірі - отандық туризм. Осы бағытта  15 ірі жобаны дайындауды тапсырған мемлекет басшысы алысты аңдап, болашақты болжап отыр. Себебі, еліміздің табиғаты тамаша, тарихы терең. Туристік нысанға айналдыруға әбден лайық орындары жетерлік. Алыс-жақын шет мемлекеттердің кейбірі тек туризмнен түскен қаржының есебінен бюджетін түгелдеп отырғанын ескерсек, Қазақстанның да туризмді дамытуға мүмкіндігі мол.

          Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғылымының соңғы кезде тоқырап қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Қ.К.Тоқаев жаңа қазба байлықтар кенін тауып, кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даламыз бен  мен тауымыздың сырын ұққанға, тілін білгенге берері ұшан-теңіз. Бұл ретте осы сала ғалымдарына артылар жауапкершіліктің салмағы орасан. Жер астындағы қазба байлықтарымызды шикізат күйінде сатып, шетелден оның өңделген түрін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алудың тиімсіздігін уақыт көрсетіп отыр. Ендеше, өнімді өңдеу және өндіру -кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Көрші елдерде болып жатқан геосаяси жағдайлар, түрлі қақтығыстар мен дау-дамайлар қазаққа етек-жеңін жиып, қымтану қажеттігін тағы бір еске салғандай. Елімізде болған орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар да ойландырмай тұрмайды. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бәрі жақсы, бәрі керемет дегеннен ешкімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанбасына отыз жылда көз жетті. Ауыл шаруашылығын дамыту, отандық өнімді өндіру, оны қолдау – мемлекеттік деңгейде қадағаланып, жіті бақылауда болатыны да көңілге қуаныш сыйлады.  Ауылдағы қарапайым шаруаның жанайқайы биліктің мінберінен қозғалып, Президент назарында болуы көп жайды аңғартады. Біле білсек бұл тек қарапайым шаруаның ғана мәселесінің көтерілуі емес, ауыл шарушалығының дамуына кедергі келтіріп отырған барлық келеңсіздіктерге қарсы үлкен күш деп білемін. Қажетті техникалардың жаңартылуы, соған сай мамандардың сұранысқа ие болуы жұмыссыздықты да шешуге оң ықпал етері сөзсіз.

 

Суды үнемдеу мәселесіне ерекше тоқталды

 

Егеменді еліміздің іргесі бекем, шекарасы мығым болуы әркез қырағылықты ғана емес, қорғаныс техникаларының заманауи талапқа сай жаңарып, жабдықталуын да талап етеді. Осы ретте мемлекет басшысының қорғаныс техникаларын жаңартуға қатысты тапсырмасы айбынды армиямызды қуатты күшке айналдырады деп санаймын. Қорғаныс мәселесін өз деңгейінде заман талабына сай талқылайтын уақыт жетті. Бұл мәселеге үлкен мән беру керек, әйтпесе біз кешігеміз.

Газбен қамтамасыз ету жұмыстарының  қарқынды жалғасуы халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартып, тұрмысын оңалтады. Соңғы жылдардағы көмір тапшылығынан туындаған оның бағасының өсуі халықтың қалтасына оңай түспей тұр. Сондықтан барлық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету маңызды.

Қазақ әуел бастан суды ысырап етпеген. Оны үнемдеп жұмсап, суға қатысты түрлі ырым-тыйымдарды, адам сенгісіз аңыз-әңгімелерді шығарған. Мұның барлығы көшпенді халықтың судың киесі бар деп ұғынуынан туған. Бүгінде Орта Азия халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырған су тапшылығы жыл өткен сайын айқын аңғарыла бастады. Суды үнемдеп жұмсауға қатысты отбасы тәрбиесінен бастап, балабақша, мектеп қабырғасында тұрақты түрде айтылып, жұмыс жүргізілуі тиіс.  Президенттің суды шектен тыс жұмсайтындар үшін арнайы тарифті енгізу туралы ұсынысын қолдаймын.

Атом электр станциясын салуға қатысты екіұдай пікір толастамай тұр. Осыған қатысты Президенттің референдум өткізу арқылы анықтауды ұсынғаны оңтайлы шешім болды деп есептеймін. Халықтың үнін еститін мемлекет АЭС салуға қатысты шешімін халықтың таңдауы арқылы жасайтын болады.

Екі жаңа министрліктің құрылып, бірнеше министрдің ауысуы да даму жолындағы Қазақстан үшін саяси маңызға ие дұрыс шешім болды.

 

Жолдаудағы міндеттер аясында арнайы жоба

 дайындауды бастап кеттік

 

Цифрлық сауаттылықты арттыру, цифрлы Қазақстан, сандық технология туралы ұғымдар өткен онжылдықтың еншісінде қалып, енді жасанды интеллект ұғымы белсенді қолданылуда. Тіпті жасанды интелектті меңгерген адамның әлеуеті өзгелерге қарағанда әлдеқайда артық және қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып, жазылып жүр. Президент жолдауындағы «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген жолдар біздің ұжымға тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бастап кеттік.

Қазақ - өте дарынды, талантты, қабілетті, зерек халық. Ауыл-аймақта, Астанадан алыс  моноқалаларда, шағын кенттерде замандастарынан ойы озық, дәуірінен оза туған қаншама креативті азаматтар бар. Олардың бойындағы талантын танып ұштау, жол көрсетіп қолдау, ашқан жаңалықтарын ел игілігіне қолдану – биліктің ғана емес, ел алдында жүрген әрбір белді, беделді азаматтардың парызы деп білемін.

Балалар – біздің болашағымыз. Оларды қолдау, қорғау – еліміздің ертеңін ойлау, келешегіне қамқор болу. Жас бүлдіршіндердің өміріне қауіп, денсаулығына зиян тигізетін әрбір теріс ойлының қатаң жазаланатыны «тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенді еске түсірді. Біз баршамыз болып, жас ұрпаққа мейірім төгіп, шексіз қамқорлық көрсетуіміз керек. Сонымен қатар, бас жауапкершілік ата-анада екенін ұмытпайық. Неге? Бала үлгіні ата-анасынан алады, солардан көргенін істейді.

Қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мүддесін көздейтін, қамқорлық танытып, бюрократизмді болдырмауға тырысуды көздейтін бұл Жолдау жұртшылықтың қолдауына ие болды. Қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалануды үкіметке міндеттеген Президенттің мына сөзі көкейімде жатталып қалды: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады».

Халқымыз «Тәрбие басы – талбесік», «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», «Өнегенің өрісі кең» деген сынды тағы басқа тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бекер жасамаған. Әрбір отбасы бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, оның дамуына жағдай жасаса, тұлға болып қалыптасуына ықпал етсе, сөзімен де, ісімен де үлгі болса, мемлекет дамуына үлкен үлес қосқаны. Себебі, бүгінгі жас бала ертеңгі ел басқарар үлкен азамат. Осы ретте ата-аналармен қатар барлық деңгейдегі білім беру мекемелеріндегі әріптестерім де бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, елтұтқа болар азамат қалыптастырып, шығарса игі. Бұл біздің Отанға еткен еңбегіміздің өлшемі болмақ.

Үш жыл – жаңаша даму үлгісіне көшу мерзімі. Қас-қағым сәт. Олай болса, білек сыбанып нақты іске кірісейік!