Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өтті
Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өтті
Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев түркі әлемі елдерінің білім беру және ғылыми мекемелері арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бірлескен жұмыстың маңызды бағыты болып қала беретінін атап өтті.
«Орхун» бағдарламасының жұмысын жандандыру, студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейту, сондай-ақ жоғары оқу орындарын Түркі әлемі университеттерінің лигасына біріктіретін құрылым құру жөнінде ұсыныстар енгізілді. Бұл қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерінің тиімділігін арттырып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін өте маңызды шаралар», – деді ол.
Оның айтуынша, отырыс барысында университеттер арасындағы байланысты нығайтуда және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруда маңызды рөл атқаратын «Орхун» академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Түркі академиясының президенті қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында түркі мемлекеттерінің ортақ білім беру кеңістігін дамыту стратегиялық маңызға ие екенін де атап өтті.
«Білім беру саласының маңызы айрықша әрі шешуші. Өйткені бұл – түркі мемлекеттерінің жас ұрпағын тәрбиелейтін маңызды орта. Білім беру жүйелеріміздің, оқу бағдарламаларымыздың жақындасуы және ғылыми ынтымақтастықтың дамуы елдер арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті одан әрі нығайтудың берік негізін қалайды», – деді ол.
