Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өтті

Жарияланған күні: 09 маусым 2026

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің ІХ отырысы өтті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Білім министрлерінің IX отырысында түркі елдері арасында жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.

Министрдің айтуынша, бүгінде түркі мемлекеттерінде жастар саны қарқынды өсіп, жоғары білімге сұраныс артып келеді. Осыған байланысты білім беру жүйелерін жақындастыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және дипломдарды өзара тану бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.

«Әлемде жоғары білім беру кеңістігін интеграциялау үдерістері қарқынды жүріп жатыр. Еуропадағы Болон процесі соның жарқын мысалы. Енді осындай ықпалдастықты Түркі мемлекеттері ұйымы аясында дамытуға мүмкіндік бар», – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, кездесуде жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды. Атап айтқанда, «Орхун» стипендиялық бағдарламасы аясында студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейту, сондай-ақ жас ғалымдарға ғылыми тағылымдамалар мен бірлескен зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерін арттыру көзделіп отыр.

Министр бұл бастамалар түркі елдерінің ғылыми-білім беру кеңістігін нығайтып, адами капиталды дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.