ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ: ҒЫЛЫМДАҒЫ ӘЙЕЛДЕРГЕ ПӘТЕР СЕРТИФИКАТТАРЫ БЕРІЛДІ

Жарияланған күні: 07 наурыз 2026

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жас ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында 5 жас зерттеушіге пәтер сертификаттары салтанатты түрде берілді.

Тұрғын үй иелерінің қатарында академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының кіші ғылыми қызметкері, білім беру бөлімінің ассистенті, №3 ортопедия бөлімшесінің травматолог-ортопед дәрігері Дурдана Октяброва бар.

Өз сөзінде жас ғалым бұл күннің өзі үшін ерекше әрі маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін осындай маңызды іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысының атынан пәтер сертификатына ие болу – мен үшін зор қуаныш әрі үлкен қолдау. Мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көрсетіліп отырған мұндай қамқорлық ғылыммен терең айналысуға, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге үлкен мүмкіндік береді. Осы орайда елімізде ғылымды дамытуға және жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған бастамалар үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Дурдана Октяброва.