Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсетілді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсетілді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан жас ғалымдарды қолдау мақсатында тұрғын үй сертификаттары табысталды. Бұл бастама отандық ғылымды дамытуға, жас зерттеушілердің ел игілігі жолындағы еңбегін ынталандыруға бағытталған.
Аталған әлеуметтік қолдау шарасы жас ғалымдардың ғылыми жобаларды тиімді жүзеге асыруына, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуіне және ғылыми әлеуетін толық ашуына қосымша мүмкіндік береді. Тұрғын үй мәселесінің шешілуі жас зерттеушілердің тұрмыстық алаңдаушылықтан арылып, ғылыммен жүйелі түрде айналысуына жол ашады.
Ядролық физика институтының Жоғары энергиялар және элементар бөлшектер физикасы зертханасының аға ғылыми қызметкері Жомарт Төлемісов көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді:
«Мемлекет басшысына қазақстандық ғылым мен ғалымдарды жүйелі түрде қолдап отырғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Осындай қолдаудың арқасында ғылымды дамытуға, өз ғылыми идеяларымызды іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асырған Ғылым және жоғары білім министрлігіне алғыс айтамын. Соңғы жылдары еліміздегі ғылым айтарлықтай нығайып, жұмысымыз әлдеқайда тиімді бола түсті. Мұның барлығы – жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі», – деді ол.
Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері Гүлдана Маратова бұл бастаманы жас ғалымдар үшін аса маңызды әлеуметтік қолдау деп атап өтті:
«Өте қуаныштымын, тіпті бір жағынан әлі де сенер-сенбесімді білмей тұрмын. Он екі жылдық еңбегімнің осылай бағалануы мен үшін үлкен мәртебе. Тұрғын үй мәселесі – менімен қатар көптеген жастар үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бұл бастама жас ғалымдарға көрсетілген үлкен әрі нақты қолдау деп санаймын. Елімізде талантты, білімді жас мамандар өте көп, осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тапса екен», – деді ол.
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ғылым департаментінің жарияланымдық белсенділік бөлімінің басшысы Тимур Фазылов та бұл шешімнің ғылымға оң әсерін атап өтті:
«Мұндай ауқымды қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге, Отанымызға алғыс білдіремін. Көптеген жас ғалымдар үшін тұрғын үй мәселесі ғылыми жұмыспен қатар шешілуі тиіс үлкен тұрмыстық қиындық болатын. Бүгін бұл мәселе өз шешімін тауып отыр. Енді жас ғалымдар ғылымға толықтай ден қойып, мақалалар жазуды, отандық ғылымды дамыту ісін жалғастыра алады», – деді ол.