Алматы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жас ғалымдарды қолдау мақсатында 14 пәтердің тұрғын үй сертификаты салтанатты түрде табысталды

Жарияланған күні: 17 ақпан 2026

🏡😍 Алматы қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жас ғалымдарды қолдау мақсатында 14 пәтердің тұрғын үй сертификаты салтанатты түрде табысталды. Аталған бастама – мемлекет тарапынан жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жүйелі қолдаудың нақты көрінісі.

🗝️ Жаңа пәтер иелерінің бірі – Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжан Қалдыбекқызы өз әсерін бөлісті.

«Мен үшін бүгін – өте ерекше әрі қуанышты күн. Ең алдымен, мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көрсетіліп отырған жан-жақты қолдау қуантады. Осындай жоғары сенім мен қамқорлық үшін зор алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта өсімдік қорғау, карантин, аграрлық және фитосанитарлық қауіпсіздік салаларында аянбай еңбек етіп, отандық ғылымның дамуына өз үлесімді қосу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын», – деді ол.