Бейнежобамыздың бүгінгі шығарылымының кейіпкері – PhD, қауымдастырылған профессор Риза Ғабдысалық

Жарияланған күні: 26 маусым 2025

Жас ғалым – бүгінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде аға ғылыми қызметкер.

Риза Ғабдысалық сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы аясында «500 ғалым» ғылыми тағылымдама шәкіртақы иегері, «Жас ғалым» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ірі шиберлі ысырмалардың түйісетін бөлшектерінің тығыздағыш беттерінің тозуға төзімділігін арттыру» атты ғылыми жобаның жетекшісі.

Ғалымның инженерлік саладағы зерттеулері еліміздің өндіріс орындары үшін өзекті саналатын өндірістік қауіпсіздік пен техникалық құрылғылардың беріктігін арттыру мәселелерін шешуге бағытталған.

«Менің ғылымға деген қызығушылығым студенттік шақтардан басталды», – дейді Риза Ғабдысалық. Оның айтуынша, университет қабырғасында жүргенде өзіне сабақ берген профессорлар белсенді әрі ынталы студенттерді ғылыми жобаларға тартқан. Сол кезеңде ол материалтану саласы бойынша алғашқы ғылыми мақалаларын жазып, зерттеушілік дағдыларын дамыта бастайды. Қазіргі уақытта бұл бағыт – оның ғылыми қызметінің негізгі арқауы.