Жас ғалымдар туралы бейнежобамыздың кейіпкері – Дулати университетінің PhD докторанты Әсел Куртебаева

Жарияланған күні: 23 маусым 2025

Әсел Амантайқызы құрамында көміртегі бар табиғи материалдарды қолдана отырып, ағынды суларды алаңдаушылық тудыратын ластаушы заттардан (CEC) тазартудың инновациялық тәсілдерін әзірлеумен айналысады.

Оның ғылыми зерттеулері ацетаминофен және сульфаметоксазол сияқты фармацевтикалық ластаушы заттарды тиімді адсорбциялау және тотықтыру үшін агроиндустриалды қалдықтардан (пияз қабығы, қамыс, күріш және жүгері қабығы) алынған белсендірілген көмірге негізделген полимерлі композиттік мембраналарды құруға қатысты. Ол каталитикалық дымқыл пероксидті тотығу (CWPO) әдістерін белсенді түрде енгізіп, ластаушы заттардың деградация процестерін терең зерттейді.

Жас ғалымның пікірінше, су саласындағы кешенді экологиялық шешімдерді дамыту тек ғылыми ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік қажеттілік.

«Суды тазарту сапасын арттыру және адсорбенттерді қалпына келтіру жолдарын зерттеу – табиғи ресурстарды тұрақты басқару мен экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі қадамдарының бірі», – дейді ол.

Әсел Амантайқызы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы шеңберінде зерттеулер жүргізеді. Испания, Португалия және АҚШ профессорларымен халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа қатысады. Ғылыми қызмет ол үшін Қазақстанда ғылымды дамытып қана қоймай, нақты секторға тұрақты экологиялық тәжірибелерді енгізуге болатын саналы таңдау.