AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖАС ҒАЛЫМЫ АҒАШТАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КҮЙГЕ ТӨЗІМДІЛІГІН ЗЕРТТЕП ЖАТЫР
Amanzholov University-дің биология кафедрасының оқытушысы Құралай Алипина Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде өсетін ағаш тұқымдастарына техногендік факторлар мен климаттық өзгерістердің әсерін дендроиндикация әдісі арқылы зерттеп жатыр.
Ғылыми жұмыстың бірегей идеясының арқасында биыл Құралай Алипина ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Жас ғалым» гранттық қаржыландыруына ие болды. Жас ғалымның зерттеуі экожүйелердің тозу қаупі, биологиялық әртүрліліктің жойылуы, сондай-ақ орман ресурстарын басқаруға арналған практикалық ұсыныстар әзірлеудің қажеттілігінің туындауымен өзекті.
Жоба аясында ғалым салыстырмалы талдау, ғылыми зерттеу және ағаш діңіндегі жылдық сақиналарды зерттеуге мүмкіндік беретін дендрохронологиялық әдіс жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл әдіс ағаш өсімдіктерінің техногендік факторлар мен климаттық өзгерістерге реакциясын анықтауға септігін тигізеді.
– Мен экожүйелерді мониторинг жүргізуге арналған интерактивті дендрокарта, орман ресурстарын тұрақты басқаруға қатысты ұсыныстар және болашақ мамандарға арналған оқу құралын әзірлеуді жоспарлап отырмын, – дейді Құралай Алипина.
Айта кету керек, зерттеу нәтижелерінің ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетке әсері зор болмақ. Олар экология және орман шаруашылығы салаларындағы мамандарды даярлауда, сондай-ақ қызметтегі мамандардың біліктілігін арттыруда қолдануға мүмкіндік береді. Жоба ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жаңа әдістерді енгізуге және білім алушылардың зерттеу құзыреттіліктерін қалыптастыруға ықпал етеді.