Жетісулық жас ғалым «қара сарбаз» шыбыны арқылы экологиялық технологияларды әзірлеп жатыр
Жас ғалымдар туралы бейнежобамыздың келесі кейіпкері – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Айгерім Қамбарова.
Жас ғалым «қара сарбаз» шыбынын өсіріп, шыбынның дернәсілдерінен жемшөп қоспасын және органикалық тыңайтқыш әзірледі. Жас ғалымның айтуынша, қазіргі уақытта азық-түлік қауіпсіздігі мен жер құнарын сақтау өзекті мәселе болып отыр.
– Бүгінде ауыл шаруашылық жануарларына арналған табиғи жемшөп қоспаларының тапшылығы мен топырақтың тозуы орын алып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «қара сарбаз» шыбынын пайдаланып, органикалық тыңайтқыш ойлап таптық. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін күрделі технологиялық шешімдер қажет емес. Шыбындар мен дернәсілдерді оңтайлы климаттық жағдайлармен қамтамасыз ету арқылы оны жыл бойы өсіруге болады. Шыбын өте тез көбейеді. Дернәсілдері аминқышқылына бай, – дейді жас зерттеуші.
Сондай-ақ оның бірегей құрамы фармацевтика мен косметологияда кеңінен қолданылатын хитин және меланин сияқты ерекше құнды өнімдерді алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.