Абай атындағы ҚазҰПУ жас ғалымы бірден екі аурумен күресуге қабілетті инновациялық дәрі жасап жатыр

Жарияланған күні: 14 маусым 2025

Бүгінгі кейіпкеріміз – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география факультеті, химия кафедрасының PhD, аға оқытушысы, Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Әсем Бақытжанқызы.

Зерттеу бағыты – гетероциклді органикалық қосылыстар негізінде туберкулез бен диабетке қарсы жаңа дәрілік заттар синтездеу, оның фармакологиялық формаларының ерігіштігін анықтау.

«Мақсатым – қос биологиялық белсенділікке ие қосылыстар арқылы екі ауруды (туберкулез бен диабет) бір ғана дәрімен емдеу мүмкіндігін қарастыру. Қазіргі жасап жатқан жұмысымыз – елдің келешегіне бағытталған инвестиция. Бұл – фармацевтика саласы үшін үлкен жаңалық болмақ», – дейді жас ғалым.

Әсем Бақытжанқызы «Sparkle Science of Chemistry» студенттік ғылыми зерттеу ұйымы арқылы студенттерді ерте зерттеуге баулып, тәжірибе мен біліктіліктерін қалыптастырып келеді.