ҚазҰУ ғалымы ЖИ көмегімен ми инсультінің алдын алатын әдіс әзірледі

Жарияланған күні: 13 маусым 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымы адам өміріне қауіп төндіретін ми инсультін ерте анықтаудың жаңа кешенді жүйесін дайындады. Аталған ғылыми әдіс жасанды интеллект көмегімен жүргізіледі.

Оқу ордасының зерттеушісі Ажар Тұрсынова әзірлеген ғылыми жоба инсультті ерте болжауға, медициналық шешімдер қабылдауды жеделдетуге көмектеседі. Нәтижесінде адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.

«Бүгінгі таңда ми инсульті әлем бойынша денсаулық сақтау саласындағы жаһандық проблема. Инсультті диагностикалауда түрлі тәсілдер қолданылады. Бұл көп уақытты қажет ететін ауыр жұмыс. Негізінен, ми инсультін анықтау және сегментациялау компьютерлік томографияға (КТ) және магнитті-резонанстық томографияға (МРТ) байланысты. Рентгенологтар мен невропатологтар алынған кескіндерге өздері сараптама жүргізеді, бірақ инсульт көріністері әлсін байқалатын суреттерді зерттегенде қателіктерге алып келуі ықтимал. Ал біздің әдіс, яғни жасанды интеллектіні пайдалану жедел диагностикалық жұмыстарды жүргізуге көмектеседі. Медициналық суреттерді жылдам талдауға және түсіндіруге мүмкіндік береді, бұл инсультті анықтау диагностикасын тездетеді», – дейді ҚазҰУ ғалымы Ажар Тұрсынова.

Жас зерттеуші ғылыми-инновациялық жоба бойынша патент алған. Бұған қоса ғылыми журналдарға мақалалары жарияланған. Болашақта ғалым аталған жоба бойынша зерттеу жұмыстарын тереңдетуді, оны қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.