Amanzholov University ғалымдарының әзірлемелері түзету мектептерінде енгізілмек

Жарияланған күні: 25 желтоқсан 2023

Шығыс Қазақстанда есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтудың жаңа әдістері әзірленуде. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің дефектологы Рауан Байчинов қазақ және орыс тілдерінде авторлық логопедиялық құралдар әзірлейді. Бұл еңбектердің Қазақстанда әзірге баламасы жоқ. Балаларды үйде оқыту үшін бағдарламаларды гаджеттерге енгізген.

Телефондағы аудио қосымшалар арқылы балаларға дыбыстардың айтылуын үйретіп, олардың сөйлеуін түзейді. Екі ай сабақтан кейін кохлеарлық имплант-есту аппараттарын таққан бүлдіршіндер сөйлей бастайды. Қысқа уақыттағы мұндай жақсы нәтиже сабақтың үздіксіздігімен байланысты. Шығыс Қазақстан ғалымдарының әдістемелері ғылым және жоғары білім министрлігінен 100 млн теңге грант түрінде қолдау тапты. Енді әзірлемені республиканың түзету мектептерінің бағдарламаларына енгізу жоспарлануда.