АБАЙ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫ 

Жарияланған күні: 25 тамыз 2023

Еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны — Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми кітапханасының да тарихы бір ғасырға жуық.

Ол оқу ордасымен қатар 1928 жылы құрылған. Оның кітап қорында Верный гимназиясынан және жеке кітап қорларынан жинақталған 40 мың дана әдебиет болған.

Бүгінде Ғылыми кітапханада әлемдік көркем әдебиеттің бай қоры және ХVІІІ-ХХ ғасырлардың басында шет тілдерінде шығарылған сирек басылымдар жинақталған.

Сирек кітаптар қорында түрлі білім салалары бойынша көптеген еуропалық елдерде жарияланған әдебиеттер, көркем, ғылыми-анықтамалық басылымдар топтасқан. Кітап қорында университеттің білім беру бағдарламаларын толық қамтамасыз ететін қазақ, орыс және шет тілдеріндегі 2 000 000-ға жуық басылым бар.

Ғылыми кітапхана «J-IRBIS» заманауи халықаралық бағдарламамен жұмыс істейді. Бұл бағдарлама кітапхана қызметінің барлық салаларын қамтиды және кітапханалық процестердің барлығы автоматтандырылған.

Университеттің барлық оқу корпустарында орналасқан кітапхананың оқу залдары заманауи компьютерлермен және қажетті цифрлық құрылғылармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі пайдаланушылар үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған оқу залы жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 24/7 режимінде жұмыс істейтін электронды кітапханада толық мәтінді мәліметтер базасы: оқулықтар мен оқу құралдары, оқу-әдістемелік кешендер, рефераттар мен диссертациялар, мерзімді басылымдардан алынған мақалалар бар.

(www.library.kaznpu.kz). Сонымен қатар пайдаланушыларға әлемнің цифрлық деректер базасына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі бар. Олар: Oxford Scholarship Online, IPR SMART(ЭКЖ), БД РГБ , Wiley Online Library, ЭКЖ «Юрайт» Polpred.com, Springer, Elsevier (Scopus), Taylor & Francis Group, Library of Congress.