«ҚАРА ОРАМАЛ» ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ

Жарияланған күні: 31 мамыр 2023
«ҚАРА ОРАМАЛ»  ҚОЙЫЛЫМЫ САХНАЛАНДЫ
Әлкей Мағұлан университетінің жанынан құрылған «Ғибрат» бірлестігі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Ғ.Жайлыбайдың «Қара орамал» шығармасын сахналады. Сахналық қойылымның қоюшы режиссері – Арайлым Сүндет.
Спектакль «тар заман» жылдарын суреттейді. «Халық жауы» деп танылған ұлт зиялылары С. Сейфуллин, Б. Майлин, Т. Жүргенов сынды тұлғалардың әйелдерінің «Алжир» лагерінде көрген қиыншылықтары, солақай саясаттың кесірінен шеккен азаптары бейнеленген. Қойылым режиссерінің сөзінше, дайындық жұмыстарына 1 айдан астам уақыт жұмсалған.
Қойылым көптің көңілінен шықты. Премьераға келген университет ректоры Жанбол Жилбаев «Ғибрат» шығармашылық бірлестігіне алғысын білдіріп, гүл шоқтары мен құттықтау хатын табыстады. Және де ұжымның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Тәлімі мен тағылымы мол шарадан өнердің қара шаңырағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртістері де құр қалған жоқ. Ағалық ақылдарын айтып, пікірлерін білдірді. «Ғибрат» ұжымы бұл қойылымды мектеп оқушыларына да көрсетуді жоспарлап отыр.