БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ AMANZHOLOV UNIVERSITY ГРАНТТАРЫНА ИЕ БОЛДЫ

Жарияланған күні: 05 мамыр 2023
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген жыл сайынғы игі дәстүр бойынша «Үміт» Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне университетте төрт жыл грантта білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттарды табыстайды. «Шығыстың алтын қоры» аймақтық оқушылар фестивалі аясында Балалар үйінің түлектері Дарья Андронова мен Юлия Соломатиноға «Журналистика» және «Психология» білім беру бағдарламаларында тегін оқу сертификаты берілді.
Amanzholov University бірнеше жылдан бері «Үміт» Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен тығыз қарым-қатынаста. Одан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың кәсіби келешектері жолында да жәрдемдесіп келеді. Балалар үйінен түлеп ұшқан жастар үшін жоғары білім – үлкен өмірге бастар жол. Берілген грант тек сапалы білім ғана емес, сонымен қатар, Студенттер үйінде тегін тұру, әлеуметтену, мамандық алып, жұмысқа орналасу деген сөз. Ары қарай жоо-да алған білімді жүзеге асыруды білдіреді.
Жалпы, «Шығыстың алтын қоры» аймақтық оқушылар фестивалі барысында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті облыстың қала мен аудандарының мектеп бітірушілеріне, пәндік олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарына 20-дан аса грант табыстады.