ЕҰУ-ДА ЗӘКИ АХМЕТОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көрнекті ғалым Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл толуына арналған «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастырды.
Жиын барысында Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды. Онда Зәки Ахметовтің қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті әдебиет теоретигі екені атап өтілді.
Отандық және шетелдік ғалымдар академик еңбектерінің құндылығына баса назар аударды. «Қазақтың өлең құрылысы» монографиясы тек қазақ әдебиеттанушылары үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін ауқымды зерттеу болғанын атап өтті. Академик Абайтану мен Әуезовтану ғылымын жаңа арнаға көтергені ортаға салынды.
Конференция аясында академиктің үш томдық еңбектерінің тұсаукесері өтті. Кітаптардың құрастырушысы – Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Мақпал Оразбек.
«Бірінші томға Зәки Ахметовтің 1951 жылы белгілі түрколог Сергей Моловтың басшылығымен қорғаған «Абай және Лермонтов» атты алғашқы зерттеуі кірді. Бұл еңбекте екі ақынның шығармашылығына салыстырмалы талдау бар. Екінші томда үлкен іргелі зерттеуге айналған «Қазақтың өлең құрылысы» ұсынылған. Белгілі түркі және басқа да әлемдік ғалымдар бұл жұмысты жоғары бағалады. Қазір аталған зерттеу еңбегі әлемдегі ең үздік кітапханаларда ұсынылған. Үшінші томға ғалым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын зерттеуге арналған жұмысы енді. Бұрын соңды қазақ әдебиетінде Абай жолы роман-эпопеясын жазушының лабораториясына кіріп, жазылу тарихына дейін түбегейлі зерттеу еңбегі бұған дейін болған емес», - деп атап өтті Мақпал Оразбек.