Жиі қойылатын сұрақтар
Жасанды интеллект саласындағы даярлық тек ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытындағы білім алушыларды ғана емес, сонымен қатар таңдалған білім беру бағдарламасына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) білім алушыларын да қамтиды. Мұндай тәсіл Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 9 маусымдағы №1311 Жарлығымен бекітілген Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында бекітілген https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2600001311.
«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі №2 бұйрығына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028916, ЖЖОКБҰ жасанды интеллектіні қолдану құзыреттерін меңгеруге бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
Мысал:
Алматы қаласынан А. деген азамат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына жатпайтын даярлау бағыты бойынша білім беру грантын енді ғана иеленіп, оқу барысында ЖЖОКБҰ-да жасанды интеллект саласында қосымша базалық құзыреттерді меңгере аламын ба деген сұрақпен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінді.
Өтініш берушіге даярлау бағытына қарамастан, ЖЖОКБҰ білім алушылары үшін цифрлық сауаттылықтың базалық деңгейі қарастырылғаны түсіндірілді.
«AI-Sana» бағдарламасы – Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 1042 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттерді шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 82-тармағын https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2500001042 орындау шеңберінде іске асырылатын бағдарлама.
«AI-Sana» бағдарламасына Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері, магистранттары және докторанттары қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты – білім алушы мәртебесінің болуы. Осыған байланысты оқуын аяқтап, білім алушы мәртебесінен айырылған түлектер бағдарламаға қатысушылар санатына жатпайды.
Мысал:
Азамат А. Ғылым және жоғары білім министрлігіне «AI-Sana» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы өтінішпен жүгінді. Өтінішті қарау барысында азамат А.-ның жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының студенті, магистранты немесе докторанты еместігі және білім алушы мәртебесінің жоқтығы анықталды. Осыған байланысты оған «AI-Sana» бағдарламасына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында білім алушы мәртебесі бар тұлғалар ғана қатыса алатыны түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде (бұдан әрі – Министрлік) «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ЖББП АЖ) жұмыс істейді, ол жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, оның ішінде білім алушылар контингенті мен түлектер туралы мәліметтерді шоғырландыратын орталықтандырылған дерекқор болып табылады.
Заңды тұлғалардың ақпараттық жүйелерін ЖББП АЖ-мен интеграциялау мәселелерін Министрлік белгіленген тәртіппен, Министрліктің құзыретін, сұратылып отырған ақпараттық өзара іс-қимыл мақсаттарын, құқықтық негіздердің болуын, техникалық мүмкіндікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып қарайды.
«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 1-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000418) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес және ақпараттық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының (бұдан әрі – Интеграция қағидалары) 6-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016777), ақпараттандыру объектілерін интеграциялау «электрондық үкімет» веб-порталындағы сервистер тізілімінде интеграциялық сервис болған жағдайда жүзеге асырылады.
Интеграция қағидаларының 34-тармағына сәйкес сервис иесі «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтінімді қарау қажеттілігі туралы хабарлама алғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде сервиске қосуға арналған өтінім бойынша жауап жолдайды. Интеграциялаудан бас тартылған кезде уәжді жауап беріледі.
Өтінім сервис иесі тарапынан келісілген жағдайда оператор, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтінімді қарау қажеттілігі туралы хабарлама алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде сервиске қосуға (интеграциялауға) арналған өтінімді толықтығы және толтыру дұрыстығы тұрғысынан келісуді және тексеруді жүзеге асырады. Өтінімді тексеру нәтижесі теріс болған кезде оператор себептерін көрсете отырып, өтінімді пысықтауға жолдайды.
Осылайша, ақпараттық жүйелерді ЖББП АЖ-мен интеграциялау мәселелері құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық негіздер болған кезде белгіленген тәртіппен қаралады. Қажет болған жағдайда Министрлік ақпараттық жүйенің операторымен, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен және өзге де мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Мысал:
Павлодар қаласындағы «А» ЖШС Министрлікке өзінің ақпараттық жүйесін ЖББП АЖ-мен интеграциялау мүмкіндігін қарау туралы ұсыныспен жүгінді. Министрлік өтінішті өз құзыреті шегінде қарап, интеграция мәселесін одан әрі қарау мүмкіндігін қолдады, өйткені «А» ЖШС-де ЖББП АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға құқықтық негіздер болды, ал ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келді. Одан әрі Smart Bridge интеграциялық платформасы арқылы интеграциялық сервиске қосылу бойынша жұмыс жүргізілді.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 43-1-бабына сәйкес https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) академиялық және басқарушылық дербестікке ие. Атап айтқанда, олар оқу және әкімшілік процестерде қолданылатын білім беру технологияларын, цифрлық платформаларды, ақпараттық жүйелерді және өзге де құралдарды дербес айқындауға құқылы.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ЖЖОКБҰ-ларды үшінші тұлғалар немесе жеке тұлғалар әзірлеген нақты жеке IT-шешімдерді, платформаларды, сервистерді немесе жобаларды қолдануға міндеттей алмайды.
Сонымен қатар Министрлік келіп түсетін ұсыныстарды, жобалар мен бастамаларды белгіленген тәртіппен қарастыруға дайын. ЖЖОКБҰ тарапынан қызығушылық болған жағдайда, тиісті шешімдерді енгізу, тестілеу немесе пайдалану туралы шешім әрбір ұйыммен дербес қабылданады.
Жобаны ілгерілету үшін өтініш берушілерге ЖЖОКБҰ-лармен тікелей өзара іс-қимыл жасау, шешімнің функционалдық мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ қажет болған жағдайда қызығушылық танытқан ЖЖОКБҰ базасында пилоттық тестілеу жүргізу ұсынылады.
Мысал:
Алматы қаласының тұрғыны М. e-Otinish жүйесі арқылы Министрлікке өзі әзірлеген «AI University» цифрлық білім беру платформасын Қазақстан Республикасының барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына енгізу, сондай-ақ аталған платформаны пайдалану бойынша ұсынымдар жолдау туралы ұсыныспен жүгінді. Азамат М.-ге Министрлік тарапынан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына тікелей жүгіну қажеттігі туралы жауап берілді.
Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағына сәйкес, аударымдар және (немесе) жарналар төленбеген жағдайда, тұлғалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті осындай аударымдар және (немесе) жарналар төлеу тоқтатылған сәттен бастап үш айдан аспайтын мерзімде алуға құқылы. Бұл ретте аталған құқық төленбеген кезең үшін қорға жарналарды төлеу міндетінен босатпайды (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000405).
«Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» (бұдан әрі – ЖББП) ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, Сіз Нархоз университетінің түлегісіз және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) ешқайсысында тіркелмегенсіз. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) ақпараттық жүйелеріндегі мәртебеңіздің өзектілігін нақтылау үшін 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына немесе ЕХӘҚМ-не жүгіну қажет.
Мысалы: Егер ЖЖОКБҰ-да оқуды аяқтауына байланысты түлекті оқудан шығару туралы бұйрық 2025 жылғы 20 маусымда шығарылса, онда үш ай ішінде (шілде, тамыз, қыркүйек), яғни 2025 жылғы қазан айына дейін түлекте студент мәртебесі сақталады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1700015173), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорныны, «Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты» (бұдан әрі – ҰБТ сертификаты) цифрлық құжатының көрсетілуін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта ҰБТ сертификаты цифрлық құжаты eGov mobile мобильді қосымшасында 18 жасқа толған адамдарға қолжетімді.
Мысалы, азамат Б.С. ҰБТ сертификатының электрондық цифрлық нұсқасын алғысы келеді. Ол үшін eGov mobile мобильдік қосымшасының «Цифрлық құжаттар» бөліміне кіріп, құжаттар тізімін жаңартуы қажет. Осыдан кейін ол өзінің сертификатына қол жеткізе алады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 428 бұйрығымен бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларының 10-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2400035056), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттандыру объектілерінде немесе олармен интеграцияланған өзге де ақпараттық жүйелерде деректердің толық, шынайы және уақтылы толтырылуын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) қамтамасыз етеді.
Осы кезеңде, 10 жұмыс күні ішінде, деректерге өзгерістер енгізуге жол берілмейді. Бұл туралы ЖЖОКБҰ ақпараттандыру объектілерінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етіледі. 10 жұмыс күні өткеннен кейін, қажет болған жағдайда, ЖЖОКБҰ деректерге өзгерістер енгізе алады.
Мысалы: Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұдан әрі – ҚазҰУ) оқу жылын аяқтап, 24 шілдеде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бакалаврларды бітіру рәсімін өткізді. ҚазҰУ қызметкері аталған мамандық бойынша түлектер туралы ақпаратты университеттің оқу процесін басқарудың ішкі жүйесіне (Learning Management System – LMS) енгізеді. Ақпарат енгізу аяқталғаннан кейін ҚазҰУ Қанат С. есімді студенттің деректерінде қате бар екенін анықтады. Қағидаларға сәйкес деректерді түзетуге шектеу қойылған кезең болғандықтан, ҚазҰУ аталған қателікті 7 тамыздан ерте емес мерзімде түзете алады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 428 бұйрығымен бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларының 11-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2400035056), электрондық eGov порталында және «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесінде көрсетілетін мәліметтердің толықтығына, шынайылығына және уақтылы ұсынылуына бастапқы деректердің көздері болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жауапты болады.
Аталған мәліметтер ақпараттандыру объектілеріне тікелей ЖЖОКБҰ тарапынан қалыптастырылып, беріледі, ал осы ұйымдардың басшылары берілетін ақпараттың дұрыстығын, өзектендірілуін және сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін және мониторингін қамтамасыз етеді, алайда білім беру ұйымдары енгізген нақты дербес деректердің мазмұны үшін жауап бермейді.
Мысалы, жоғары оқу орнының түлегі Айдана М. eGov порталы арқылы мемлекеттік қызмет алу барысында оқуын аяқтау күні қате көрсетілгенін анықтаған. Мұндай мәліметтердің толықтығы мен шынайылығы үшін бастапқы деректердің көзі болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы жауапты болғандықтан, Айдана өз университетіне тікелей жүгінуі қажет. Жоғары оқу орны ақпаратты тексеруге, өз есепке алу жүйелеріне дұрыс деректерді енгізуге және оларды «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесіне беруге міндетті. Бұл жағдайда Министрлік ақпараттық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етеді және процестерге бақылау жүргізеді, алайда дербес деректерге өз бетінше өзгерістер енгізбейді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 428 бұйрығымен бекітілген жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларының 12-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2400035056), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жеке тұлғалардың жеке өтініштері бойынша ақпараттық жүйелердегі олар туралы мәліметтерді өз бетінше өзгерту немесе жоюды жүзеге асырмайды.
Деректерді қалыптастыру, түзету және өзектендіру бастапқы мәліметтердің көздері болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) арқылы қамтамасыз етіледі.
Қателер анықталған немесе өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған жағдайда, мүдделі тұлға тиісті ЖЖОКБҰ-ға жүгінуге тиіс, ал ол белгіленген тәртіппен ақпараттық жүйелердегі деректерді түзету процесін бастайды.
Мысалы, азамат Марат К. Торайғыров университетінде оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқанымен, ақпараттық жүйелерде әлі де студент ретінде көрсетілген. Осыған байланысты ол e-Otinish жүйесі арқылы Министрлікке өтініш жолдаған. Министрлік ақпараттық жүйелерге деректерді өзгерту енгізбейтіндіктен, аталған азаматқа мәліметтерді түзету үшін өзі білім алған университетке жүгіну ұсынылды.
Онлайн-оқыту нысанында білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес материалдық-техникалық ресурстармен және кадрлық әлеуетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл талаптар Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жүзеге асыратын білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарында белгіленген https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892.
Негізгі талаптар мыналардан тұрады:
1. Өткізу қабілеті кемінде 500 (бес жүз) Мбит/с болатын кең жолақты интернеттің қолжетімділігі;
2. 1000 (мың) бәсекелес пайдаланушыға есептегенде сервердің ең аз сипаттамалары бар 24/7 форматында білім алушыларды сүйемелдеу үшін өзіндік цифрлық инфрақұрылымның болуы;
3. Серверлік инфрақұрылым кемінде 24 есептеу ядросы, 60 ГБ оперативтік жад және 1,5 ТБ дискілік кеңістіктің болуы тиіс;
4. Білім беру бағдарламасы пәндерінің жалпы санының кемінде 10% құрайтын пәндер бойынша жаппай ашық онлайн-курс бағдарламаларының болуы;
5. Ақпараттық технологиялар және онлайн-оқыту саласында біліктілікті арттыру курстарынан өткен оқытушылардың үлесі кемінде 80% болуы тиіс, ал біліктілікті арттыру курсының көлемі кемінде 72 сағатты құрауы керек (IT-білімі бар оқытушылар үшін – кемінде 36 сағат).
Мысал, Университет бакалавриатта «Құқық» кадрлар даярлау бағыты бойынша онлайн-оқытуға лицензия алу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне өтініш берді. Сараптама барысында университеттің онлайн-оқыту үшін барлық талап етілетін ресурстармен қамтамасыз етілгені анықталды. Нәтижесінде университетке «Құқық» мамандығы бойынша бакалавриатта онлайн-оқытуды жүргізеге асыруға 5 жыл мерзімге лицензия берілді.