ШҚО бойынша тексеру комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу тиімділігіне, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражаттарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды, қамтылу кезеңі 2019-2020 жылдар.
АӨК (агроөнеркәсіп кешені) субъектісінің асыл тұқымды мал, ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын сатып алуға, пайыздық мөлшерлемелер мен сыйақыларды және субсидиялардың басқа да формаларын субсидиялауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялау бойынша АШТӨ-н (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді) мемлекеттік қолдау түрінде ауыл шаруашылығы салаларын қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету АӨК-нің дамуына ықпал етті.
АӨК-нің қол жеткізілген көрсеткіштері облыс халқының ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлеріне қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ азық-түлік тауарларының ішкі нарығындағы отандық тамақ өнімдерінің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік берді.
ШҚО АӨК дамытуға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды іске асыру барысында бюджеттік заңнама және АӨК дамытуды мемлекеттік реттеу саласындағы заңнама нормаларын жалпы сомасы 1 813 580,1 мың теңгеге бұзушылықтар анықталды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы 2019 жылы өңірдің 2016-2020 жылдарға АДБ-ның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2 нысаналық индикаторының өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты көлемін 110%-ға ұлғайту бойынша көрсеткішке қол жеткізуді қамтамасыз еткен жоқ, факт 108,5%-ды құрады.
2020 жылға арналған бюджет қаражатын жоспарлау кезінде бюджет жүйесінің шынайылық, негізділік, тиімділік және жауапкершілік қағидаттары бұзылып, дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде кредиттер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау үшін республикалық бюджеттен бөлінген шығыстар көлемін 1 740 332,2 мың теңге сомаға арттыруға жол берілген.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау кезінде бюджет қаражатын жалпы сомасы 71 645,6 мың теңгеге негізсіз пайдалануға әкеп соққан қолданыстағы заңнама нормаларын бұзушылықтарға жол берілді.
Жол берілген бұзушылықтардың негізгі себептері — бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалануды реттейтін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтамау, субсидиялауға арналған өтінімдерді қарау тәртібі мен рәсімдерінің бұзылуы, ауыл шаруашылығының жекелеген бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау көлемдеріне қажеттілікті талдаудың болмауы.
Отырыс қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясының қаулысы қабылданды, анықталған кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша ұсынымдар берілді.