Даму күні аясында ұйымдастырылған іс-шара аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне Құрылтай депутаттары мен Агентік жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері келді.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай қонақтарға мемлекеттік қызметті одан әрі дамытудың негізгі бағыттары, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның негізгі ережелері және мемлекеттік қызметті жетілдірудің тәсілдері туралы айтып берді.
Қонақтарға мемлекеттік қызметке іріктеуге арналған «E-qyzmet» цифрлық жүйесінің мүмкіндіктері де таныстырылды. Жүйені жетілдіру нәтижесінде конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі едәуір қысқарып, 5-7 жұмыс күнін құрады. Сонымен қатар, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу нәтижелері тест тапсырған күннен бастап 1 жыл бойы жарамды болады.
Мемлекеттік қызметке оңай «кіру» үшін өзге де мүмкіндіктер жасалды. Бүгінге күнге дейін ЖОО жақсы нәтижемен (GPA кемінде 3,33 баллмен) аяқтаған 1 200-ге жуық түлек ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасты.
Сондай-ақ қонақтар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған Медиа-орталықтың жұмысымен танысып, мемлекеттік басқару саласында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған бастамалар ұсынылған жасанды интеллект зертханасына барды.
1–2 қазан күндері Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Мемлекеттік басқару академиясында орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында дебат турнирі өтті.
18 команда құрамында 50 мемлекеттік қызметші қатысқан пікірталас барысында мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары, жасанды интеллектінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпалы, басшының жеке жауапкершілігі, мүдделер қақтығысы, қызметтік әдеп, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау және хабарлаған адамдарды қорғау мәселелері бойынша пікір алмасты.
Командалар тақырыпты меңгеру деңгейі, дәлелдерінің дәйектілігі, ой қорыту логикасы, қарсы уәждердің сапасы, командалық жұмыс және сөйлеу мәдениеті бойынша бағаланды.
Турнир қорытындысы бойынша:
Дебат турнирі мемлекеттік қызметшілерге өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, өз ұстанымдарын дәлелдеуге және кәсіби коммуникация дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Агенттік бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастырып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби пікір алмасуы мен өзекті басқарушылық мәселелерді талқылауына арналған дәстүрлі алаң қалыптастыруды көздейді.
Дебаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің сыни және талдамалық ойлау дағдыларын дамыту, мазмұнды кәсіби пікірталас жүргізу және басқарушылық мәселелерді жан-жақты талдау мәдениетін қалыптастыру.
29 қыркүйекте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен сервистік және клиентке бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мақсатында еліміздің барлық өңірінде бірыңғай «Қызмет алушылар күні» өтті.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша түсінікті әрі қолжетімді ету және мемлекет пен қоғам арасындағы ашық байланысты нығайту.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және республиканың барлық облыстарында өткен іс-шарада азаматтар мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі бойынша сұрақтарына жауап алып, қажетті ақпарат пен консультациялық көмекке жүгінді. Нәтижесінде 1500-ден астам азаматқа мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша кеңес берілді.
Кездесулер барысында денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі түсіндіріліп, азаматтарға қажетті ақпарат ұсынылды. Сала мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік қызметтерді алу мәселелері бойынша жан-жақты консультациялық көмек көрсетті.
«Қызмет алушылар күні» – азаматтардың мемлекеттік қызметтер туралы ақпаратты тікелей мамандардан алып, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін нақтылауына мүмкіндік беретін ашық диалог алаңы.
29 қыркүйекте Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен комплаенс-қызметтерге арналған диалог алаңы өтті.
Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Тұяқбаев Ербол , «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, БҰҰ басқармасының өңірлік кеңесшісі Владимир Козин, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор мен бизнес қауымдастықтың комплаенс қызметкерлі қатысты.
Диалог алаңында жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмысын жетілдіру, адалдық қағидаттарын нығайтуда комплаенс-қызметтердің рөлін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шарада Агенттік Төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет Басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары квазимемлекеттік ұйымдардың, жеке сектор субъектілерінің күнделікті қызметінде де көрініс табуы қажет. Бұл ретте, Мемлекет басшысының «Сыбайлас жемқорлықтың өзіне тән себептері мен алғышарттарын жоймайынша, бұл шаруа – жел диірменімен күресумен бірдей» - деген сөзін қаперде ұстау маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ұйым басшыларының жауапкершілігі мен комплаенс-қызметтердің кәсіби жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөлге ие екенін айтты.
Ағымдағы жылы комплаенс-қызметтердің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, өкілеттіктерін кеңейтуге және қызметкерлерінің еңбек кепілдіктерін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Диалог алаңында жаңа талаптарды іске асыру және ұйымдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда комплаенс-қызметтердің рөлін одан әрі күшейту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, іс-шараның практикалық бөлімінде қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бағалау, мүдделер қақтығысын реттеу, комплаенс-офицерлердің кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелерін талқылап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын ұйымдастырудың практикалық тәсілдерін ұсынды.
Агенттік комплаенс-қызметтерге әдістемелік қолдау көрсетуді, олардың кәсіби әлеуетін арттыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағартушылық жұмысының тиімді тәсілдерін енгізуді жалғастыратын болады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай 01.AI компаниясының бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті төрағалық ететін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің халықаралық сарапшысы Кай-Фу Лимен кездесті.
Кездесудің мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, кадрлық процестерді цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектіні тиімді қолдануға оқыту және осы бағытта олардың біліктілігін арттыруға консультациялық қолдау көрсету.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын атап өтті.
Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Оның аясында мемлекеттік аппаратты проактивті, сервистік және деректерге негізделген басқару моделіне көшіруге басымдық берілген. Агенттік іске асырып жатқан үш жоба жалпыұлттық стратегиялық жобалар тізбесіне енгізілген.
Бүгінде мемлекеттік қызметке іріктеудің e-Qyzmet жүйесі 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні қамтып, 400-ден астам кадрлық процесті автоматтандырған. Сондай-ақ, 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған.
Кездесуде кадрлық процестерге ЖИ-агенттерді енгізу, HR-аналитика, адами ресурстарды болжамды жоспарлау, сондай-ақ ЖИ қолданудың нормативтік және этикалық негіздерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар 01.AI сарапшыларын «AI Governance 500» бағдарламасына тарту және мемлекеттік қызметшілерді ЖИ тиімді қолдануға оқыту және осы бағытта олардың біліктілігін арттыру жұмыстары талқыланды.
22-25 қыкүйек аралығында Кенияның Момбаса қаласындағы Кения мемлекеттік басқару мектебінде «Көшбасшылық: озық мемлекеттік басқару және жүйелі ойлау – мемлекеттік секторды трансформациялау үшін цифрлық технологияларды пайдалану» тақырыбында стратегиялық көшбасшылық жөнінде 6-шы семинар өтті. Халықаралық іс-шараға 14 елден 160 делегат қатысты.
Семинарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Бекіш қатысып, «Цифрлық технологиялар – озық басқарудың тетігі» тақырыбындағы сессияда баяндама оқыды.
Өз сөзінде Ұлан Бекіш еліміздің мемлекеттік секторды цифрлық тарнсформациялау бағытындағы тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды.
Атап айтқанда, Агенттік төрағасының орынбасары интеграцияланған ақпараттық жүйе – «E-Qyzmet» платформасының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, жүйені енгізу кадрлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, конкурстық іріктеу үдерісін оңтайландыруға және адами ресурстарды обьективті деректер негізінде басқаруға мүмкіндік берді.
Семинар барысында халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың басшылары және ғылыми қауымдастық өкілдері жүйелі ойлау тәсілдерін қолдану, деректерді тиімді пайдалану, этикалық нормаларды нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сондай-ақ халықпен кері байланыс тетіктерін институционалдандыру мәселелерін талқылады.
Халықаралық семинар Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру саласындағы тәжірибесін шетелдік әріптестермен бөлісуге және мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
23 қыркүйекте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қызметке даярлаудың жаңа тетіктері талқыланды.
Отырыста Агенттіктің Мемлекеттік қызметке дайындау және кіру департаментінің директоры Нұрсұлтан Бекінов 1 шілдеден бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңда көзделген мемлекеттік қызметке даярлау институты бойынша баяндама жасады.
Оның айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік қызметке ерте кәсіптік бағдар беруден бастап, төменгі және басшы лауазымдарға орналасуға даярлауды қамтитын үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – бастапқы даярлау. Бұл бағытта орта білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары арасында мемлекеттік қызмет жүйесі туралы ақпарат беруге және кәсіби бағдарлауға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
Екінші кезең – төменгі лауазымдарға орналасуға даярлау. Бұл бағытта азаматтарды отандық ЖОО-да мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыту және жыл сайын гранттар бөлу көзделген. Білім беру гранттарын бөлудің басым бағыттарының тізбесі мемлекеттік органдардың кадрларға қажеттілігіне сәйкес Агенттік тарапынан жыл сайын қалыптастырылады.
Мемлекеттік білім беру гранты есебінен ЖОО-ның бакалавриатында білім алып, оқуын сәтті аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте олар мемлекеттік қызметте кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.
Үшінші кезең – басшы лауазымдарға орналасуға даярлау. Төменгі лауазымдарда белгіленген міндеттерін сәтті орындаған мемлекеттік қызметшілерге магистратура бағдарламалары арқылы басшылық лауазымдарға даярлану мүмкіндігі беріледі. Бұл бағыттағы оқыту Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.
Бағдарлама түлектеріне белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардың басшы лауазымдарына конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кезеңді аяқтаған түлектер де мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуге міндеттеледі.
Іс-шара барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жоюға бағытталған бастамаға оң баға беріп, оның мемлекеттік қызметке даярлау жүйесін жетілдіру мен мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметке кәсіби кадрларды даярлау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
2023 жылдан бастап қазіргі таңға дейін жоғары оқу орындарының 989 түлегі өңірдегі әртүрлі лауазымдарға конкурссыз орналасқан.
Отандық жоғары оқу орындарын жақсы нәтижемен
(GPA көрсеткіші 3,33 төмен емес) аяқтаған түлектерді түлектерді облыстағы аудан, облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау тәжірибесі жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыра түсті.
Осы уақытқа дейін түлектер міндетті түрде мемлекеттік грант шеңберінде оқуды аяқтауы қажет болған болса, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес, ендігі кезекте мұндай мүмкіндікті оқуды ақылы негізде жақсы аяқтаған түлектер де пайдалана алады.
Астана қаласында өткен Тамыз конференциясы аясында білім беру саласындағы тәрбие мәселелері мен парасаттылық қағидаттарын нығайтуға арналған панельдік секция өтті.
Секцияға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Ержан Жаров қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі бағыттарын және өскелең ұрпақтың бойында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижелері жайлы айтты.
Академиялық адалдықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Білім беруде академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған Меморандум аясында орта білім беру ұйымдарына арналған Академиялық адалдық стандартын әзірлеу, сондай-ақ оны мектептерде пилоттық жоба ретінде енгізу көзделген.
Маңызды бағыттың бірі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша парасаттылық қасиеттерін дамыту. Агенттік сынып сағаттарының мазмұнына оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен академиялық адалдық компонентін енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі.
«Адал ұрпақ» мектеп клубтарын дамыту жұмысы жалғасады. Қазіргі уақытта олардың қызметін ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдері мен мазмұндық бағдарлары пысықталуда.
Педагог кадрларды даярлауға да ерекше назар аударылды. Агенттік Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен және Академиялық адалдық лигасымен бірлесіп педагогикалық мамандықтар студенттерін оқытуды, жұмыс істеп жүрген педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының парасаттылық және академиялық адалдық бағыттары бойынша біліктілігін арттыруды көздейтін жобаны іске асыруда.
Мәселен, жаңа оқу жылынан бастап Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық университетінде педагогикалық мамандықтардың 3-курс студенттері үшін «Адал азамат құндылықтары» курсы енгізіледі. 2027 жылдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының базасында педагогтер мен мектеп басшылары үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптар бойынша семинарлар өткізу басталады.
Сондай-ақ қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістері, оның ішінде мүдделер қақтығысын анықтау және реттеудің жаңа тәсілдері түсіндірілді.
2026 жылдан бастап Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына 2 мыңнан астам бақылау жүргізді.
Бүгінде елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 1 476 түрі бар. Олардың қатарында құжаттарды беру және тіркеу, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды тағайындау, анықтамалар мен лицензиялар беру және басқа да қызметтер бар.
Жүргізілген бақылау нәтижесінде 400 мыңға жуық заң бұзушылық анықталып, 10 мыңнан астам азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
2026 жылы заң бұзушылықтарға байланысты мемлекеттік органдарға 1010 ұсыным енгізілді. 627 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі мен тәртібін бұзған лауазымды тұлғаларға қатысты 433 әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен бюджетке 24,5 миллион теңге айыппұл өндірілді.