«ҚазақстанРеспубликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚазақстанРеспубликасы Заңының жобасы бойынша Реттеушілік саясаттың консультативтік құжат
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының 1-тармағына сәйкес Президенттің және оның Әкімшілігінің, Үкіметтің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы) әзірленуде.
Заң жобасында мемлекеттік қызмет өткеру мәселелері бойынша бірқатар түзетулерді, атап айтқанда:
- персоналды басқарудың бірыңғай қызметінің жұмысын жетілдіру;
- мемлекеттік қызметке өту рәсімдерін жеңілдетуді;
- аралық мәселелерді заңға тәуелді актілер деңгейіне ауыстыра отырып, негізгі талаптарды белгілеуді;
- аппарат басшысының өкілеттіктерін қайта қарауды;
- мемлекеттік қызметке қабылдау үшін мемлекеттік тілді білудің шекті мәнін белгілеуді;
- мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған адамдардың мемлекеттік қызметке кіруіне өмір бойы шектеу қоюды алып тастауды;
- мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге жұмыс уақытынан тыс уақытта басқа да ақылы қызметпен айналысу құқығын беру бөлігінде мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді жұмсартуды және т.б. көзделетін болады.
Сондай-ақ заң жобасымен заңның тұжырымдамалық аппаратына «мемлекеттік әкімшілік лауазымның санаты», «біліктілік талаптары», «уақытша бос лауазым», «мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы» және т.б. ұғымдарына түзетулер енгізу бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.
Заң жобасының мәтінімен және оған қатысты басқа да материалдармен Агенттіктің интернет-ресурсында, сондай-ақ Ашық НҚА интернет-порталында а.ж. 1 қыркүйекте орналастырылған келесі сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=11198400 .