«Таза парақтан» жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарына арналған семинарлардың өткізілуі

2023 жылғы 17 және 21 ақпан аралығында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетімен «таза парақтан» жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері бойынша Астана және Алматы қалаларында қазақстандық жоғары оқу орындарына арналған семинарлар өткізілді.
«Таза парақтан» мемлекеттік реттеуді енгізу нормативтік құқықтық актілерді талдауды және қайта қарауды, тәуекелдер дәрежесін бағалау рәсімін толық автоматтандыруды, бақылаушы органның қызметін барынша ықтимал тәуекелі бар жоғары оқу орындарына шоғырландыруды көздейді.
Бүгінгі таңда Министрліктің жұмыс тобы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы реттеуші актілердің тізбесін қалыптастырып, оларға талдау жүргізді. Оның негізінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы міндетті талаптардың тізілімі қалыптастырылды.
Семинар барысында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын түсіндіру жоспарлануда. Талқылауға академиялық саясаттың, ЖОО-ның Академиялық беделінің, білім беру бағдарламаларының сапасының, оқу нәтижелерін бағалаудың, студенттер контингентін қалыптастырудың, ҰБТ, Ұлттық біліктілік тестілеудің жаңалықтарының және т.б. өзекті мәселелері шығарылатын болады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 23-24 ақпанында Шымкент қаласында «таза парақтан» Жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері бойынша семинар өткізілу жоспарлануда.