Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру

Ағымдағы жылғы 29 қаңтарда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алаңында «Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету: жай-күйі және даму перспективалары» тақырыбында Форум  өтті.

Форумның басты мақсаты ретінде жоғары білім беру сапасын арттыру тетіктерін жетілдіруге қоғам өкілдерінің кең ауқымының қамтылуын одан әрі дамыту деп айқындалды.

Форум жұмысы Ғылым және жоғары білім саласында білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы А.Ж. Тойбаев, төраға орынбасарлары  А.Ж. Едилханов, Ғ.Е. Есенбаев жетекшілік еткен Комитет қызметінің әртүрлі бағыттарын қамтитын тақырыптық сессиялардан құралды.

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру» тақырыбындағы 3-сессияда Комитеттің «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша қызметінің нәтижелері, бақылау жүйесін автоматтандыру нәтижелері ұсынылды. Жаңадан қабылданған біліктілік талаптарының мазмұны бойынша, соның ішінде жаңа құрылымына қатысты пікір алмасу болды: базалық біліктілік талаптары – білім берудің барлық деңгейлері үшін; бейіндік талаптар – бакалавриат, магистратура, резидентура, докторантура үшін; онлайн оқыту үшін; шетелдік білім беру ұйымдарының филиалдары үшін енгізілген нормалар талқыланды.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер енгізу шеңберінде мемлекеттік бақылауды өткізудің жаңа тәсілдері қаралып, жоғары оқу орындарынан бақылау шараларына тартылатын мамандар, сарапшылар үшін жұмыс отырысы өткізілді. Сарапшыларға жаңа реттеу саясаты жағдайында мемлекеттік бақылау шараларын жүргізудің ерекшеліктері түсіндірілді, ғылым және жоғары білім саласында қолданыстағы заңнама нормаларын қолданудың сұрақтары талқыланды.

Форум Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек қатысуымен өткен Пленарлық отырыспен аяқталды. Форум қатысушыларына жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету шараларының ағымдағы жағдайлары туралы ақпарат ұсынылып, межеленген міндеттер мен жоспарланған шаралар талқыланды.

Спикерлердің баяндамалары талқыланған мәселелерге үлкен қызығушылық тудырды. Нәтижесінде Форум қатысушылары пікір алмасуға, ҰКП «Атамекен» рейтинг қорытындыларымен танысуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шетел тәжірибесімен танысуға, жоғары білім берудің сапасын жетілдірудің негізгі тенденцияларын анықтауға, Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің реттеушілік және рұқсаттық саясатының жаңа тәсілдерімен еркін танысуға мүмкіндік алды.