«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» тақырыбында семинар-кеңес

Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің көрсетілетін қызметті берушілерді ақпараттандыруды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер барысының ашықтығын қамтамасыз ету функциясы шеңберінде 2023 жылғы 13 желтоқсанда «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Семинар жұмысына 110 жоғары оқу орнының өкілдері - академиялық мәселелер жөніндегі проректорлар, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, лицензиялау мәселелеріне жауапты қызметкерлер қатысты.

Семинарға қатысушыларға 2023 жылғы 11 айдағы лицензиялау жөніндегі жұмыстың нәтижелері, оның ішінде: кадрларды даярлаудың неғұрлым талап етілетін бағыттары, материалдарды дайындау және лицензия немесе оған қосымша беруге өтінім беру кезінде жиі жіберілетін кемшіліктер туралы ақпарат ұсынылды.

«Е-лицензиялау» порталында жұмысты жүйелеу, жауапты тұлғалардың қызметіне ЖОО ішіндегі бақылау сапасын арттыру бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдар берілді. Ағымдағы жылдан бастап тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттарына енгізілген жаңалықтарға ерекше назар аударылды. Мысалы, лицензиялау нормаларының бұзылуы, өтінімдер бойынша 3 және одан да көп теріс шешімдер, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша қабылдау мен шығарылымның болмауы және т. б.

ЖОО-ларға лицензияға қолда бар қосымшаларды оңтайландыру үшін дамудың перспективалық бағыттарын, сондай-ақ рентабельді емес білім беру бағдарламаларын айқындау тұрғысынан өз қызметіне талдау жүргізу ұсынылды.

Семинар барысында қатысушылар біліктілік талаптарының мазмұны, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу рәсімдері бойынша сұрақтар қойды, сондай-ақ жүйелі негізде осындай семинар-кеңестер өткізуді ұсынды.