Логотип МВД РК

Меню

Страницы

Статья

Кемел десе кемел аға еді

Кемел десе кемел аға еді

Ішкі істер министрлігінің музейінде қызмет істейтін болғандықтан ішкі істер ардагерлерімен жиі кездесіп тұрамыз. Ардагерлер арасында бұрынғы істеген қызметтерін жанындай жақсы көріп, әлі де қоғамдық жұмыстардан қалмайтын ардагерлеріміз көп. Соның бірі де бірегейі Кемел Айтқалиұлы Жұмашев еді. Жақында сол кісі дүниеден өтті дегенде сенер сенбесімізді білмей қалдық. Өзінен гөрі өзгелерді көбірек ойлайтын қамқор аға атына сай Кемел десе кемел жан еді.

Кемел ағаның жетпіс жыл жасаған ғұмыры ішкі істер органдарының қызметкерлеріне ғана емес, өзінің елдің патриотымын деп санайтын кез келген жанға өнегелі жол болып саналады. Жұмашев Кемел Айтқалиұлы 1949 жылы 17 қыркүйекте Ақтөбе облысы, Ақшатау кентінде дүниеге келген. ІІМ Қарағанды Жоғарғы мектебінің түлегі. 1972 жылы қатардағы учаскелік милиция инспекторынан бастап милиция полковнигі шеніне дейін абыройлы қызмет атқарған Кемел Айтқалиұлы құқық қорғау органдарына аса жауапты міндеттерді жанқиярлықпен орындады. Оның мерзімді әскер қатарындағы қызметін ерекше нысандарда өткізіп, Семей полигонындағы ядролық сынақтарды өткізуге қатысқаны мемлекет тарапынан ескерілді. Кейін соған орай Тұңғыш Президент Жарлығымен Ұлы Отан соғысына қатысушыларымен теңестірілді. Ішкі істер органдарында жиырма бес жылдан астам қызмет етіп, 1997 жылы зейнетке шыққан еді. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ардагерлердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуына көп қолдау жасады. «Ішкі істер органы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры» атты жеке қорды басқарып, қор арқылы қызметін атқару кезінде қайтыс болған және жарақат алған азаматтардың отбасына қолдау көрсету мақсатындағы игілікті жұмыстарды атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері құқық қорғау саласында 2 мыңнан астам адам қызметтік борышын өтеу кезінде қайтыс болған. Олардың ерлігі мен еңбектерін еш уақытта ұмыт қалдыруға болмайтынын еске салып отыратын Кемел аға нағыз жайсаң жан еді. ІІМ орталық аппаратының Ардагерлер кеңесі Президиумының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің құрметті ардагері ретінде құқық қорғау органы қызметкерлеріне арналған шаралардан еш шет қалыспайтын. Мына бір ғана мысал ол кісінің қандай жан болғанын көрсетеді. Былтыр, яғни 2019 жылдың 18 шілдесінде Көкшетау қаласында қызмет бабында қаза тапқан полиция подполковнигі Ботагөз Мағазқызы Бижановаға мемориалдық тақта орнату кезінде, оның ашылу салтанатына облыстық полиция департаментінің басшылығы, құқық қорғау органдарының ардагерлері мен Ботагөз Мағазқызының да отбасы қатысты. Сонда осы шараға арнайы келген ҚР Ішкі істер министрлігі әлеуметтік қорғау қорының төрағасы, милиция полковнигі Кемел Жұмашев сөз сөйлеп, былай деген еді. «Ботагөз өз ісіне жан-тәнімен берілген адал жан еді, қанды қылмыскерлер оның ана, әйел адам екендігіне де қарамады. Қылмыс атаулыға күресеміз деп, біздің қызметкерлеріміздің өмірден өтіп жатқаны, қабырғамызға қатты батады. Ботагөз қарындасымыз сияқты ерлік иелерін ешқашан ұмытпауымыз қажет».

Кемел ағаның тағы бір үлгі тұтар қасиеті ол Семей полигонын жабу ісіне де өзінің бар күш жігерін жұмсады. Ядролық қару сынағын тікелей басынан өткізген ол «Невада – Семей» халықаралық қозғалыс ұйымына да қатысып, оның белсенді мүшесі болды. Семей полигонын жабу – еліміз үшін үлкен жеңіс деп бағалаған Кемел аға шын мәнінде елін сүйген нағыз патриот жан еді.

Құқық қорғау саласының үздік қызметкері ретінде ол өзінен бұрынғы қызмет еткен ардагерлердің еңбегін жазған журналист-жазушыларды да қатты құрмет тұтатын. Ол әсіресе, жеке кітапханасының төрінде тұратын қазақ детектив жанрына өлшеусіз үлес қосқан жазушы Кемел Тоқаевтың кітаптарын ерекше жақсы көретін. Автордың өз қолымен жазып берген қолтаңбалары бар «Таудағы жаңғырық», «Солдат соғысқа кетті» кітаптарына қоса «Түнде атылған оқ», «Жұлдызды жорық», «Арнаулы тапсырма», «Соңғы соққы», «Қастандық» шығармаларын үнемі мақтаныш тұтатын. Автормен біршама уақыт дос болған кездерін еске алып, жазушы Кемел аға туралы, ардагер милиционер Кемел аға естелік айтудан еш жалықпайтын.

Иә, Ішкі істер органдары қызметкерлерін əлеуметтік қолдау қорының төрағасы, ішкі істер органдарының құрметті ардагері жəне Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген милиция полковнигі Кемел Айтқалиұлы Жұмашев аға туралы айтылар әңгіме әлі алда деп білеміз. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп данышпан Абай айтпақшы, Кемел ағаның артында халқына жасаған жарқын жолдары қалды. Ел алдындағы мінсіз қызметі үшін «Құрмет», «Парасат» ордендеріне ие болған ағаның өнегелі жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету біздің міндетіміз. Сондықтан ІІМ мұражайының бір бұрышынан Кемел ағаның жүріп өткен жарқын жолын паш ететін жәдігерлер, жеке құжаттар қойылса нұр үстіне нұр болар деп ойлаймыз.

Алмагүл СӘТМАҒАНБЕТОВА,

ҚР ІІМ музейінің меңгерушісі

Дата публикации
21 июля 2020
Дата обновления
21 июля 2020
Тип
Аналитическая статья

Сейчас читают

Полезная информация
28 апреля 2026
Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана. 2 сентября 2024 года
Полезная информация
28 апреля 2026
Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана. 8 сентября 2025 года
22 июля 2025
Жизненные ситуации

Социальные медиа

Instagram
Twitter
Facebook

Меню подвал

Послания Президента РК
Сайт Президента РК
Сайт Премьер-Министра РК
Концепция цифровой трансформации
Жизненные ситуации
Государственные символы РК
Термины и обозначения
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Экранный диктор
Концепция развития искусственного интеллекта на 2024 – 2029 годы