
Мен Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы Чапаев ауылының тұрғынымын. Есімім Мұрат Мұшағалиев. Күні кеше біздің ауылда керемет, жастарға үлгі боларлық көлемді шара өтті. «Қазіргі заман қаһарманы» деп аталатын бұл шараның ең бастысы, жастарға берері мол-ақ. Еңбек жолын түгелдей құқық қорғау саласына арнаған мен сияқты ардагерлер, залға жиналған жас ұрпақ осындай мазмұнды шараны селт етпей, үлкен ықыласпен тамашаладық. Көпшіліктің алдында ерліктері ұлықталған 15 қаһарманымыздың келбеті бүгінгі заманның полицейлеріне деген халықтың құрметін арттырды. Ерліктеріне көпшілік бас иген тәртіп сақшыларына осы кеште алғыс шексіз болды. Алған әсеріміз шексіз. Көп кезде жұртшылыққа байқала бермейтін біздің жұмысымыздың қиындығы, бейбіт күннің тыныштығын сақтау қаншалықты маңызды екендігі анық көрсетті. Полиция қызметкерлерінің абыройын, мәртебесін арттырған теңдесі жоқ шара деп баға беремін. Осындай шараны ұйымдастырған азаматтарға сала ардагерлері, жалпы Жайық жұртшылығы атынан мың да бір рахметімді айтамын. Елімізде тек тыныштық пен жақсылық болсын! Осындай жұмыстарыңыз әрдайым жалғасын таба берсін деймін. Мың алғыс сіздерге!