БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:
9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«9. «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды тамақтандыру және материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етудің заттай нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 360 бұйрығына (бұдан әрі - № 360-бұйрық) сәйкес сотталғандар киім-кешек мүлкімен, кереуетпен және төсек жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Жатын үй-жайында көзге көрінетін жерде сотталғандардың жатын орындарының орналасу схемасы орнатылады.
Өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын және арнаулы жүрiп-тұру құралдарынсыз (кресло-арбалар) жүріп-тұра алмайтын бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мүмкіндік болған жағдайда жатақхана ғимараттарының бірінші қабаттарында тұрады.
Жатын орындары ауыстырылмайды және перделенбейді.
Кереуетті жинау үлгісі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген.
Түнгі ауысымдағы жұмыстан кейін демалып жатқандар мен төсек тартып жатқан ауруы бойынша босатылғандардан басқа сотталғандарға күн тәртіптемесімен ұйықтауға бөлінбеген уақытта жатын орындарын пайдалануға жол берілмейді.
Мінез-құлқының үшінші оң дәрежесі болған және жазасын өтеудің жеңілдетілген жағдайындағы сотталғандарға жатын орынды күн тәртібінде белгіленген уақытта пайдалануға жол беріледі.»;
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«20. Сотталғандар күн тәртiбiнде белгiленген уақытта жасақ, бригада бойынша жұмысқа тарату үшiн арнайы бөлiнген жерде сапқа тұрғызылады, бұл ретте карточкасы, тегi бойынша тексеру жүргiзiледi, олардың сыртқы пішіні және жынысы мен климаттық жағдайды ескере отырып, үлгісі «Сотталғандардың киім нысанының үлгілерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 575 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде
№ 33086 болып тіркелген) бекітілген маусым бойынша белгіленген киім нысаны (бұдан әрі – № 575-бұйрық) тексерiледi.
Мекемеде пайдалануға көзделмеген заттарды, бұйымдарды және заттектерді алып өтуіне жол бермеу мақсатында сотталғандар тексеріледі немесе тiнтiледi.»;
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«55. Сотталғандардың мекенжайына келіп түскен сауқат, сәлемдеме және бандерольдер олардың ішіндегілерінің тізбесі мен салмағы сәлемдемелер мен бандерольдерді беруді есепке алу журналына тіркеледі, оның нысаны «Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2017 жылғы 20 ақпандағы
№ 36 қбпү бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14922 болып тіркелген) (бұдан әрі – 36 қбпү-бұйрық) көрсетілген.
Бір сауқат пен сәлемдеменің ең жоғарғы салмағы 20 килограмнан аспайды.»;
158-тармақтың 3)-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) атыс және суық қаруды, жарылыс қаупі бар және жарылғыш заттарды, есiрткi құралдарын немесе психотроптық заттектерді сатып алуға, сақтауға, сондай-ақ оны пайдалануға;»;
158-тармақтың 8)-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«8) компьютерлік жабдықтарды, мобильді байланыс құралдарын, оның ішінде интернетке шығатын, сондай-ақ аудио-, фото-және бейнежазба функциялары бар өзге де құралдарды (диктофон, фотоаппарат, бейнекамера) мекеме аумағына әкелуге, сақтауға және пайдалануға жол берілмейді.
Қолда бар құралдары мен осы тармақтың 8)-тармақшасында көрсетілген құралдары мекеме аумағына кірген кезде бақылау-өткізу пунктінде орналасқан арнайы жабдықталған құлыптанатын ұяшықтарда сақтауға тапсырылады.»;
159-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«159. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердегі сотталғандарда осы мекеменiң мөрiмен расталған, сотталғанның жеке басын куәландыратын мекеме әкімшілігінен суреті бар анықтамасы болады. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің аумағынан тыс жерде тұратын сотталғандарға осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұрғылықты жерінің мекенжайы көрсетiлген анықтама берiледi. Берілген анықтамаларды сотталғандар үнемі өздерімен бірге ұстайды.
Сотталғандар тұратын жерiнiң мекенжайы өзгергенi туралы уақтылы қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің әкімшілігіне хабарлайды.
Сотталғанның жеке басын куәландыратын құжаттар олардың жеке істерінде сақталады.
Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын дағдылы және жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен, eгep бұл олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша, оқуына байланысты, бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алу, моншаға немесе шаштаразға бару үшін қажет болса, мекемеге iргелес жатқан аумақтың шекарасы шегiнде айына төрт рет сағат тоғыздан он сегізге дейін қадағалаусыз жүрiп-тұруға құқығы бар.
Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен, eгep бұл бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін қажет болса, мекемеге iргелес аумақтың шекарасы шегiнде айына бір рет сағат тоғыздан он сегізге дейін қадағалаусыз жүрiп-тұруға құқығы бар.
Бұл ретте мекемеге іргелес аумақтың шекарасы шегінде қадағалаусыз жүріп-тұруды ұсыну туралы өтініштерді сотталғандар электрондық өтініштер беру үшін терминал арқылы береді.»;
161-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«161. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жеңілдетілген жағдайларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады. Оларға ҚАК-тың 143-бабы төртінші бөлігінде санамаланғаннан басқа:
1) апта сайын бір қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесуге. Бұл ретте сотталғандар электрондық өтініштер беру үшін терминал арқылы кездесу беру туралы өтініштерді береді;
2) мекеме орналасқан елдi мекеннiң шегiнде жалға алынған немесе меншікті тұрғын алаңында өзінің жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен бірге тұруға жол беріледі. Бұл ретте, олар айына төрт рет мекемеге тіркеу үшін келіп тұрады, оның жиілігі мекеме бастығы бекіткен кестемен белгіленеді және сағат 21-00-ден 07-00 дейін тұрғылықты жерінде болады. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің, мекеме әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ қадағалаушы прокурорлар сотталғандар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға тәуліктің кез келген уақытта келеді.»;
Осы Қағидаларға 8-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен нормашығармашылығын үйлестіру департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген
іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-лейтенанты Е. Саденов