«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының медиа орталығы» ЖШС
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық газеттері 1933 жылдың мамыр айынан шыға бастады. Бастапқыда газет «Страж» деп аталды, 50-жылдары «Казахстанская милиция», ал 1960 жылдан «На страже» деп аталды. 1981 жылы ұзақ үзілістен кейін «На страже» газетінің басылымы жандандырылды. 1993 жылы газеттің алғашқы қазақ тіліндегі беттері пайда болды, ал 1998 жылы қазақ тілінде «Сақшы» газеті жарық көре бастады. Сонымен қатар, 1997 жылдан бастап ІІМ-нің ведомстволық «Казахстанская полиция» журналы шығарылады. Ол қазір «POLISIA.KZ» деп аталады.
Кеңестік кезеңде редакция министрліктің құрылымдық бөлінісі ретінде жұмыс атқарды, ал 1993 жылдан бастап 1999 жылдар аралығында «Сақшы – На страже» апталық республикалық газеттерінің ұйымдасқан редакциясы» мекемесі түрінде болды. Ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 17 ақпандағы № 134 қаулысымен «Сақшы – На страже» РМК болып өзгертілді, ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 563 қаулысымен аталған РМК «Сақшы – На страже» ЖШС болып қайта құрылды.
Теле, бейне және аудиоөнімдерді өндіру қызметінің кеңеюімен және жаңа түрлерінің қосылуына байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 сәуірдегі № 269 қаулысымен «Сақшы – На страже» ЖШС «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС болып өзгертілді.
Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тарихы мен үлкен тәжірибесі бар Медиа орталық бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының ішкі істер саласында өзіндік орны бар ақпараттық-насихат орталығы болып табылады, оның қызметі:
- қылмыстың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес мәселелерінде ішкі істер органдарының қоғамды шоғырландырудағы рөлін күшейтуге;
- ішкі істер органдарының қызметі туралы қоғамда оң көзқарас қалыптастыруға;
- ішкі істер органдары қызметкерлерін тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты патриот және азамат ретінде қалыптасуына тәрбиелеуге бағытталған.
Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының медиа-орталығының шығармашылық ұжымы аптасына бір рет жарық көретін республикалық «SAQSHY» және «На страже» газеттерін және айына бір рет басылымға шығатын «POLISIA.KZ» журналы және ІІМ-нің Ардагерлер кеңесінің «Ардагер» журналын шығарумен айналысады.
Сонымен қатар күн сайынғы ақпаратпен жаңарып отыратын «POLISIA.KZ» ақпараттық медиа порталымен ІІМ-нің телестудясының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.