Ақпараттық хабарлама

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласында адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 29.12.2016 жылғы № 907 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару жұмысы қағидаларының 45-тармағының талаптарына сәйкес әзірленді және Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылды (legalacts.egov.kz/npa/view?id=13923057).

Әзірлеуші – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі.

Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы  11 маусымдағы № 405 қаулысымен бекітілген, Қылмыстық, Қылмыстық процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне:

  • сотталған ауыр сырқаттанған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік беру;
  • ауыр сырқатқа байланысты босату немесе жазаның жеңіл түріне ауыстыру туралы сот қаулысын тез арада орындау;
  • бала үш жасқа толғаннан кейін анасы мерзімінің соңында босатылған немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, жазасының өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылған жағдайда, оның бір жыл бойы анасымен болу мерзімін ұзарту;
  • жауап алудың, сондай-ақ сот отырысының бейнежазбасын қамтамасыз ету;
  • «азаптау» анықтамасын нақтылау, сонымен қатар «қатыгездік» анықтамасын енгізу (балалар және мүгедектігі бар тұлғалардың әлеуметтік мекемелері);
  • төтенше қауіпсіз мекемелерін тарату арқылы бұрын сотталған адамдарды бірінші рет сотталғандардан бөлек ұстауды қамтамасыз ету бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарының 9.1-тармағын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

Заң жобасы қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау, азаптаудың және қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге, ұлттық заңнаманы жалпыға танылған халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталған.

Заңнамалық түзетулер сотталғандардың денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз етуді, ауыр сырқаттары болған кезде жазасын өтеп жүрген адамдарға ізгілікті қарауды, сотталған әйелдердің балалармен әлеуметтік байланыстарын сақтауды, бірінші рет сотталған адамдар арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруды, сондай-ақ ұлттық заңнаманы   БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясына сәйкес келтіруді көздейді.

Заң жобасын іске асыру мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздемейді.

Дата публикации
26 января 2022