Павлодарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қайта жанданды

Осы жылдағы кезекті жәрмеңке 3 ақпан күні өтті. Таңғы сағат сегізден бастап сауда павильондарының жанында кезекте тұрған адамдардың саны арта түсті. Баянауыл, Успен, Лебяжі, Павлодар аудандарының, сонымен бірге, Павлодар мен Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарының 150 шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтары 50 тоннаға жуық өнім әкелді. Көкөністердің келісі 75-80 теңгеден саудаланса, сиыр етінің бағасы келісіне 1100-1200 теңгені құрады.


– Қаңтардың ортасында аяздың қатты болуына байланысты жәрмеңке өткізілмеді.Үйткені, мұндай суықта алыс шалғайдан, мәселен, Баянауылдың шеткері ауылдарынан өнім әкелу өте қиын, – деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Қасенов. – Қазір біз жәрмеңкені қайта қолға алдық. Біздің міндетіміз тұрғындарды арзан өніммен қамтамасыз ету емес, нарықтың кем дегенде 20 пайызын қамтып, халыққа таңдау жасайтындай жағдай құрсақ дейміз. Жәрмеңкеден бөлек біздің тауар өндірушілерден «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы күріш, қант, өсімдік майын, тауық жұмыртқасын, қияр мен қызанақтар сатып алдық.



Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша 2017 жылы өңірімізде 677 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 2 миллиард теңгенің өнімі саудаланды.
